«Жалау сенің терезеңде» акциясы Мемлекеттік рәміздер күніне арналған.

Павлодар қаласы білім беру бөлімі тәрбие жұмысы секторының меңгерушісі Жанар Тәджікованың айтуынша, акция дәстүрлі түрде мектептегі тәрбиелік іс-шаралар барысында өткізіліп отырған.

- Карантин режиміне байланысты оқушылар үйде болды, - дейді сектор меңгерушісі. – Сол себепті, сурет салу акциясын ата-аналардың көмегімен үйде өткізуді ұйғардық. Акция осындай қоғамдық сипатқа ие болып, ата-аналар, ересектер, үй тұрғындары белсенді түрде қосылды. Сол арқылы қала тұрғындары өздерінің патриотизмін, елге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Олар өскелең ұрпаққа Отанды қалай сүю және мемлекеттік символдарды қалай құрметтеу керектігін іспен дәлелдеді. Балаларына Тудың түсін, бейнеленген символдардың мағынасын түсіндірді.

Жанар Тәджікова акцияны қолдаған белсенді үйлердің бірі Назарбаев даңғылы, 32 мекенжайының тұрғындары екенін айтады.
Олар мерекеге дайындалғаны соншалықты, балаларымен ауланы тазалып, әр терезеге Тудың суретін ілген. Тіпті, балалар жоқ үйлерде Мемлекеттік Тудың бейнесі орналастырылған.

Сонымен қатар, Шөкин көшесі, 157/2 тұрғын үйінің барлық терезелерінде Тудың суреті ілінді. Мұнда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер алған жас, көп балалы отбасылар тұрады. Бұл үйде 200-ден астам мектепте оқитын және мектеп жасына дейінгі балалар бар. 

- Біз отбасымызбен түрлі акцияларға тұрақты түрде қатысып тұрамыз, - дейді Шөкин көшесі, 157/2 үйінің тұрғыны Тілеулес Омарханова. - Бүгінгі акцияға да ерекше ниетпен, қуана қатысып отырмыз. Үлкен немерем 10 жаста. Ол Мемлекеттік Туымыздың қандай екенін жақсы біледі. Ал 5 және 3 жасар немерелеріме Тудың қандай болатынын көрсетіп, суретін салып, бейнеленген суреттердің мағынасын түсірдік.

Айта кетейік, Павлодар қаласының әкімдігі Nur Otan партиясының қалалық филиалымен бірлесіп, қаланың Мемлекеттік рәміздер күніне орай әртүрлі ұйымдардың ҚР Әнұранын орындау бойынша «Менің Қазақстаным» акциясын өткізді. Оған «109» қызметі, «Трамвай басқармасы» АҚ, медицина қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, Small супермаркеті, халық банкі, еріктілер, қала әкімдігінің қызметкерлері және балабақша тәрбиеленушілері қатысты. 20-дан астам адам жиналып, Әнұранды жанды дауыспен орындады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: