Еске салайық, жыл басында Павлодар қаласына іргелес аумақтағы әуеқалашықта бой көтеріп жатқан пәтерлердің 1 шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасымен 120 мың теңгеге ұсынылған болатын.

Облыстық әкімдікте өткен жиында шаһар басшысы Қайрат Нүкенов үйлердің құрылысы аяқталуға жақын екенін, алайда қоныстануға ниет білдірушілердің аздығын айтты.

- Әуеқалашығындағы салынып жатқан 55 үйдің құрылысы дерлік аяқталып қалды, - деді Қайрат Нүкенов. – Халыққа ол үйлерді түрлі бағдарламалар арқылы сатып алуды ұсындық. Барлығы 30 адам өтініш беріп, 8-і ғана төлем қабілетін растады. Алайда, өтініші қабылданғандар шағын ауданға халық толық қоныстанбаса, олар да көше алмайтынын айтуда.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қателік әуеқалашықтың жобасын жасаған кезде кеткенін айтты.

- Әуеқалашық қала орталығынан алыс, жылу жүйесі жоқ екенін, көлік қатынасы дамымағанын ескерсек, бағасы тым қымбат, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Құрылысты бастар алдында бұлардың сатып алушылар үшін мәселеге айналатынын ескеру керек еді. Бізде қысқы мезгілде климаттық жағдай ауыр. Адамдар қымбатқа сатып алған үйіне кіргенде жылыту жүйесі болмағаны жарамайды. Мәселені шешу керек.

Әбілқайыр Сқақов әуеқалашығындағы жағдай күрделі болса да, мәселені шешу үшін ұсыныстар енгізуге 2 апта уақыт берді.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, әуеқалашығы, құрылыс