Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, жасақтар әлеуметтік нысандарда еңбек етеді. Құрылыс учаскелеріне жоғары оқу орындарында тиісті мамандықтарда оқитын кәмелетке толған ер балалар жіберіледі.

Оның ішінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің жатақханасы, Павел Васильев, 17 көшесіндегі 350 орындық мектеп интернаты, «Спорт-сити» қалашығындағы ғимараттардың құрылысы бар.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылыс отрядына 23 адам жұмысқа орналастырылады. Олар жұмыс берушіден 85 000 теңге және облыстық бюджеттен жалақы алады. Жалпы сома - 123 000 теңге.

- «Шахмат үйіндегі» құрылыс жұмыстарында бес сарбаз жұмыс істейді, - деді облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Абай Уахит. - Олар мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы орналасты. Таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Еңбекақы - 114 мың. Зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыру бар. Тағы төрт жауынгер «Батыр» спорт кешенінде жұмыс істейді. Бізде сондай-ақ, Успен, Тереңкөл аудандарында балалар жұмысқа шықты. Оған қоса, жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылған. ПМПУ-да 15 сарбаз жаңа жатақхананың құрылысында, 20 сарбаз ИнЕУ-де жұмыс істейді.

Сондай-ақ қосалқы жұмыстарды орындайды. «Шахмат үйінде» және «Батыр» спорт мектебінде аға құрылысшыларға көмектеседі.

Жастарға жұмысқа қажетті форма берілген және қауіпсіздік техникасымен таныстырылған.

- Тағы 219 адам қаланы абаттандыруға жұмылдырылмақ, - дейді Абай Уахит. - Қосымша 50 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы орналаса алады. Олар шілде айында жұмысқа кіріседі.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: қалалық әкімдіктен

pavlodarnews.kz

Тэги: