Жаңа студенттер үйі оқу ордасының аумағында бой көтерді. Жатақхана мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында ERG Еуразиялық тобының демеушілік қаржысына салынды. Жоба құны - 680 млн теңге.

Әр бөлме екі адамға шақталған, ортақ әжетханасы мен жуыну бөлмесі бар. Осы аптада Wi-Fi қосылады. Бұдан бөлек, кір жуатын орын, буфет, жаттығу мен хорегорафия залы бар. Айта кетейік, қоныс аударатын студенттердің 27%-ы - қыздар.

- 198 адам жатақханада тұруға өтініш білдірді, сонымен қатар бізде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де бөлмелер бар, - дейді түсті медаллургия коледжінің директоры Александр Болдашевский. - Әзірге басқа қалалардың студенттері бізде жоқ. Бірақ өзге өңірлерден келген жастардың ата-аналары келер болса, қажетке жарайды деген ойдамын.Біз барлығы үйдегідей болу үшін жағдай жасадық.

Құрылыс жұмыстары бір жыл жалғасты. Колледж аймағында футбол мен баскетбол алаңы салынды.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев студенттерді құттықтап, бөлме кілттерін салтанатты түрде табыстады.

- Меніңше, сіздердің білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің арқасында өңіріміз ілгері дамып, барлық шығынның орны толады. Ұстаздардың сіздерге беріп жатқан білімі сіздердің жұмыстарыңызда көрініс табады деген сенімдемін, - деді Мейрам Бегентаев.

Жаңа үйде студенттер тегін тұрады. Жалпы, колледжде 589 адам білім алуда.

Думан Асқарбек
Суреттерді түсірген - Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz