- Қалада жол қозғалысына қатысушылар, автокөлік иелері, жаяу жүргіншілер жол ережелірін сақтай бермейтіні жасырын емес, - дейді «Трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Махметов. - Сондықтан қала тұрғындары бұл қоғамдық көлікті көріп, ойланады деген үміттеміз. Трамвай балалар қауіпсіздігіне арналып отыр. Көлік соған сай безендірілді.

Қанат Махметов бұл шараның жуырда Павлодарда теміржол көлігінің қатысуымен мектеп жасындағы қыз қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін қолға алынғанын тілге тиек етті.

- Биыл  балалар зардап шеккен біздің басқарманың көліктеріне қатысты екі оқиға тіркелді. Оның бірінің салдары өте ауыр, - деді төраға орынбасары. - Осы мүмкіндікті пайдаланып,  трамвай - бұл автокөлік емес, ешқайда бұрылып айналуып өту мүмкіндігі жоқ, рельс бойымен тура жүретін 20 тонналық машина екенін еске саламыз. Апаттық жағдайда шұғыл тоқтай алмайды. Төтенше жағдайда барлық тежеу құрылғылары қосылды дегеннің өзінде тоқтау қашықтығы 15-20 метр. Сондықтан тұрғындарды трамвай жолын кесіп өткенде айбай болуға шақырамын.

Қанат Махметовтың мәліметінше, қала көшелерінде қауіпті аймақтар бар. Мәселен, Кутузов көшесіне салынған қоршаулар көлік жүргізушілерінің көру мүмкіндігін барынша нашарлатады. Сондай-ақ, Кутузовтың Ломов, Торайғыров көшелерімен қиылысы жол апатына бейім. Осыған байланысты ІІД, ТҮКШ және трамвай басқармасының мамандары аталымыш орындарға барып жағдайды зерделемек.

- Жыл басынан бері жол көлік оқиғалары салдарынан 7 бала көз жұмды, оның бірі трамвайға қатысты, - дейді ОІІД жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары подполковник Досқайрат Қайыров. - Трамвай басқармасымен бірге қолға алған қауіпсіздік шарасы бір реттік акция емес, ұзақ берзімге жоспарланды. Қоғамдық көлік жолқозғалысы қауіпсіздігіне сай өзгертіліп жаңаланып отырады. Балалардың қауіпсіздігі - негізгі міндетіміз. Бұдан басқа да іс шалар жоспарлануда.

Махаббат Камесханұлы

Суреттерді түсірген - Роза  Мұстафина

pavlodarnews.kz