Облыстық білім беру басқармасы мен Инновациялық Еуразия университеті қолдау көрсеткен жарысты «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының белсенділері ұйымдастырды.

- Алғаш рет өтіп отырған турнирге облыстағы орта білім білім беретін арнайы жеті мектептен командалар келді, - деді «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының өкілі, облыстық арнайы білім беру мекеп-интернатының дефектологы Динара Жетпісова. - Әр командада бір ұл, бір қыздан тұратын екі мүшесі бар. Облыстық орта білім беретін арайы мектеп «Zhasproject» корпусымен бірлесіп «Асық ату – ақыл ойыны» атты жобаны қолға алған болатын. Ұлттық ойынның танымалдығын одан әрі дамыту үшін турнир ұйымдастырып отырмыз.

Турнирге арнайы келген білім басқармасының өкілі Азамат Сыздықов, ИнЕУ-дің ректоры Марат Баяндин ұлттық ойынның маңыздылығы мен пайдасына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Ұлттық асық ойын түрлерін бұдан былай үздіксіз ұйымдастыратын боламыз. Бұл туралы қалалық білім бөліміммен келісімге келдік. Бұл турнир - алдағы үлкен жарыстардың басы, - деді Марат Баяндин.

Ұлдар «Бес табан», қыздар «Бес тас» ойыны бойынша сынға түсті. Нәтижесінде ұлдар арасында Шарбақты № 5 арнайы мектебінің оқушысы Станислав Анисов бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды шарбақтылық Жанболат Елубай еншілесе, Ақсу қаласындағы № 3 арнайы мектептің оқушысы Диас Рахымбергенов үшінші орынды қанағат тұтты.

Қыздар арасындағы бәсекеде № 4 арнайы мектеп оқушысы София Каминская құрбыларының алды болды. Песчан жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Дарья Маноленко екінші орында, облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Камилла Байтас үздік үштікті қортындылады.

- Асық ойындарының біраз түрлерін білемін. Көптен бері құрбы сыныптастарыммен ойнап жүрміз. Ұлттық ойын ақыл-ой зеректігіне, ептілікке, ұқыптылыққа үйретеді. Осы жолы үшінші орынға ғана ие болдым. Алдағы өтетін турнирлерге мықтап дайындаламын, - дейді облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Камила Байтас.

Мейрамбек Оразай

pavlodarnews.kz

Тэги: