Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының м.а. Гүлмира Қабиева айтып берді.

- 2017 жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша департаментке жеке және заңды тұлғалар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасының бұзылғандығы туралы 18 шағым түсті, - дейді Гүлмира Қабиева. - Павлодар облысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын сараптай келе, мамандар шағымдардың басым бөлігі жер саласы мамандарына қатысты түсетінін анықтады. 18 шағымның жетеуі жер қатынастары саласының мамандарының салғырттығына байланысты түскен. Азаматтардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдарда жеті тексеріс жүргізілді. Төрт өтініш берушінің құқығы бұзылғаны анықталып, қалыпқа келтірілді. Бақылау шараларының нәтижесінде 22 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды, нақтырақ айтқанда 10 маманға сөгіс, сегіз маманға қатаң сөгіс жарияланып, бір маманға қызметіне сәйкес келмеуі жөнінде ескерту жасалды.

Спикердің сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қызметтердің республикалық тізілімі 746 қызмет түрінен тұрады. Павлодар облысында мемлекеттік қызметтің 384 түрі көрсетілсе, оның ішінде жергілікті мемлекеттік органдарға - 190, аумақтық мекемелерге 194 түрі тиесілі.

Жалпы, үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыс тұрғындарына барлығы бес миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz