Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиевтің айтуынша, мониторинг  күндізгі уақытта және түнде, тәулігіне төрт рет жүргізіледі.

- Жыл сайын мұндай тексеруден өткізілетін кәсіпорындардың қатарын арттырудамыз, - дейді Қадылжан Сатиев. – Сонымен қатар, зерттелетін ингредиенттер тізімін кеңейтудеміз. Мәселен, биыл 5-шілде күні «ЕЭК» АҚ күл үйіндісінде шаңның шамадан тыс артқаны тіркелген. Бұл кәсіпорын 24 миллион теңге келтірілген шығынның орнын толтыратын болды. Қазіргі таңда «ЕЭК» АҚ №2 күл үйіндісінде топырақ құнарлығын қалпына келтіруде. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2018 жылдың екінші жарты жылдығына белгіленген. «Қазақстан Алюминийі» АҚ жоспарлы тексеруге енгізілді. Бүгінде кестеге сәйкес Қазақстан электролиз зауыты аумағында мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта шағын және орта бизнес субъектілері де қамтылады.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, соңғы үш жылдағы мониторинг қорытындысы кәсіпорындарда шекті ұйғарынды концентрацияның (ПДК) артуы байқалуда.

Жалпы, бес кәсіпорын 25 млн. теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл – «Қазақстан Алюминийі» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты, «ЕЭК» АҚ, «KSP Steel» ЖШС Қамзин көшесіндегі монша-кір жуу кешені.

Қадылжан Сатиевтің баяндамасын тыңдап шыққан облыс әкімі Болат Бақауов мәселенің шешімін табу үшін облыстық бюджеттен 80 миллион теңгедей қаржы бөлу қарастырылғанын атап өтті.

- Облыстық мәслихаттың депутаттарының қатысуымен өткен бюджеттік комиссия кезінде сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдадық, - деді өңір басшысы. - Шекті ұйғарынды концентрацияның қандай деңгейге дейін көтерілгенін дәлелдеу үшін жабдықты облыстық бюджеттің есебінен сатып аламыз. Республикадан келетін қаржыны күтпейміз.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz