Барлығы 14 үміткер қатысқан додада атыраулық Нұрай Зинор бас жүлдені жеңіп алса, алматылық Әйгерім Нетәлиева мен астаналық Тоқжан Үмбет - бірінші, қызылордалық Фарида Құдайбергенова - екінші, алматылықтар Сымбат Әбдуахап, Тұрсынзада Әлімжанова, Мөлдір Қойысова үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осы байқауға Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің мүшесі Раушан Шақанаева Жәнібек ауданының атынан қатысып, үшінші орынға ие болды. Оның айтуынша, үш кезеңнен тұрған сайыс барысында қатысушылар негізінен Динаның күйлерін орындады. Барлығы 23 туынды жатталды. Осылардың ішінде кейбіреуін міндетті түрде және жеребе бойынша, бірқатарын қазылар алқасының сұрауымен орындауға тиісті болды.

Раушан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін дәстүрлі музыкалық өнер мамандығы бойынша Еркін Нұрымбетовтің класында бітірген. Дәулеткерей атындағы оркестрде 2007 жылдан бері қызмет етеді.

«Бұл - Раушанның республикалық деңгейдегі бірінші табысы. Бұған дейін аймақтық, облыстық сайыстарда жүлде алып жүрген Раушан Шақанаева - оркестрдің музыканты әрі жеке орындаушысы. Ол лирикалық, сондай-ақ күшті қажет ететін шығармаларды да сәтті орындай біледі. Бұл ретте оркестрдегі тартысы кейбір ер адамдардан да артық шығып отырады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Дәулеткерей атындағы оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, композитор Еркін Нұрымбетов.

 

pavlodarnews.kz