Бұл туралы агенттікке облыстық соттың баспасөз хатшысы Айгерім Сүлейменова айтты. 

- Сатушы мен гипемаркеттің аға сатушысы өзара келіссөз жасаған, - дейді Айгерім Сүлейменова. – Аға сатушы жеңіл арбаға екі табақ, бес кесек балалар сабыны мен 10 кір сабын, кір жуатын ұнтақ, металл тегеш  және жалпы құны 31 145 теңге тұратын төсек-орын тысын салып алған. Ол бағаларды ауыстыра алатын. Сондықтан бұл тауарлардың штрих-кодтарын арзанына ауыстырған. Сатушы сол кезде енесіне қоңырау шалып, дүкенде акция жүріп жатқанын және оған қызметкерлер қатыса алмайтынын айтып, тауарларды алып кетуді өтінген.

Айгерім Сүлейменованың айтуынша, енесі келіні жеңіл арбаны балалар бөлімінде қалдыратынын білген соң, тауар үшін кассада есеп айырыспақ болған. Тұтынушы 4 537 теңге төлеген соң оған чек пен тауарды тексеру үшін күзетші келген. Ол біраз уақыт бұрын иесіз тұрған жеңіл арбаны көріп әрі қарай не боларын бейнебақылау арқылы қарап отырған.

Әйел адам қауіпсіздік қызметіне сатушылардың бірінің енесі екенін айтқан кезде ол күдікке ілінген азаматшаларды тексеру кабинетіне шақырып, «Атриум» ЖШС инспекторына хабарлаған. Бұдан әрі ер адамдар полиция шақыртқан.

Тергеу барысында әйел адамдар өз кінәсін мойындаған. Павлодар қаласының № 1 соты оларды ҚР ҚК-нің 24-баптың үшінші бөлімі және 190-баптың екінші бөлімі, бірінші және үшінші тармағы бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына бір жылға дейін бас бостандығына шектеу қою түрінде жаза тағайындаған. Бұдан басқа, олар жыл бойы 80 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылуы керек. Сот үкіміне апелляциялық шағым жолдануы мүмкін. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

pavlodarnews.kz

Тэги: