ҚР Қорғаныс минстрлігі мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрілігінің ұйымдастыруымен «Жерлестеріміз Отан алдындағы борышын қалай өтеуде?» акциясы аясында «Ердіс медиа» холдингінің «Сарыарқа самалы» газеті мен Рavlodarnews.kz АА-нің тілшілері аталмыш әскери бөлімге іс-сапармен барған болатын.

Жерлестердің аманатын Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы, майор Тимур Жағыпаров табыстады.
Ашық хаттың мазмұнында: «Құрметті жерлестер, сіздердің азаматтық борыштарыңызды абыроймен атқаруларыңызға сенім білдіреміз. Жаңа жылдарыңызбен құттықтай отыра, ерге лайық іс атқарып, Кеңес Одағының батырлары Махмет Қайырбаев, Сағадат Нұрмағамбетов сынды ерлердің лайықты жалғасы болуларыңызды тілейміз! Сіздерді ата-аналарыңыз, жақындарыңыз, достарыңыз тағатсыздана күтеді», - делінген.

Семей жерінде Отан алдындағы борышын өтеушілердің қатарында «Ауған соғысының» ардагері Мұстафа Абрашимовтың ұлы да бар.

- Әкем Ауған жерінде атақты «мұсылман батальонының» сапында өз борышын өтеген. Әке жолын жалғап, С.Торайғыров атындағы ПМУ-ды аяқтаған соң әскер қатарына шақырылдым. Жағдайымыз жақсы. Келгенімізге екі айдың жүзі болды. Үйренісіп қалдық. Әскер қатарында болу адамды ұқыптылыққа, жауапкершілікке, еліңнің бір бөлшегі екеніңді сезінуге жетелейді, - дейді Медет Абрашимов.

№28738 әскери бөлімі павлодарлықтарға етене жақын болып табылады. Өйткені, бөлімнің мәңгілік тізіміне Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаев енгізілген. Бөлім казармасында батырға арналған бұрыш та бөлінген.

- Біздің мақсатымыз – «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде бекітілген жаңа қазақстандық патриотизмнің негізінде еліміздің болашағын құраушылардың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру, – деді әскери бөлім командирінің орынбасары Игорь Тихоненко.

Айта кетейік, №28738 артиллериялық әскери бөлімінде павлодарлық 31 сарбаз азаматтық борыштарын өтеуде.

Оразбек Саяхат
Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz

Тэги: