Кәсіпорынның учаскелік басшысы, инженер-металлург Мұрат Бейсекеновтың айтуынша, «Giessenhaus» ЖШС жылына бір миллионға жуық алюминий дискісін шығаруды көздеп отыр.

- Мұнда қуаттылығы 480 мыңдай дискіні шығаруға мүмкіндігі бар екі арнайы техника орнатылған, - дейді Мұрат Бейсекенов. – Өнім тегістелу үшін Ресейдің Краснояр қаласына жіберіледі. Алдағы уақытта кәсіпорын толық қажетті техникамен жабдықталады. Қазіргі күні 20 адам еңбек етуде, көп ұзамай штат 50 адамға дейін көбейеді. Орташа жалақы 120-130 теңгені құрайды. 8-қаңтардан бастап Қазақстан электролиз зауытынан сұйық металлды тасымалдауды бастаймыз. Жалпы, жылына 54 мың тонна алюминий тасымалданатын болады.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары аталмыш кәсіпорынның ел экономикасының дамуына септігін тигізетінін атап өтті.

- Павлодардағы алюминий дискілерін шығару - экспортқа шығарылатын бірегей жоба, - деді Мейрам Пішембаев. – Жергілікті кәсіпкерлер мен германиялық компания қатар жүзеге асырған зауыт ішкі сұранысты толығымен өтеп қоймай, шет елге де шығары анық. Инвестиция тарту - еліміздегі маңызды мәселелердің бірі. Павлодар облысы бұл тұрғыда үздік деуге негіз бар.

Айта кетейік, жеңіл балқымалы автокөлік дискілерін «қанатты металлдан» жасап шығаруды «КиК Павлодар» ЖШС қолға алған. Бұл кәсіпорынның құрылтайшысы - ресейлік «K&K» компаниясы.

2020 жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланған жобаның инвестициясы 6,7 миллиард теңгені құрады.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz