Мұндай болжамды «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ Павлодар облысындағы филиалының өкілдері шығарды.

 

 Қазіргі таңда Бірлік ауылында жағдай тұрақтанған.  Баянауыл ауданының аумағындағы республикалық маңыздағы жолдың 700 метрі қираған. Ал Бірлік ауылы маңындағы жолдың 120 метрін тасқын су «жайпап» өткен. 

 

Көлік қатынасына шектау қойылған «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск» тас жолының учаскелерін қалыпқа келтіру жұмыстары екі ауысым бойынша жүзеге асырылуда. Төтенше жағдай орын алған соң, яғни 12-сәуірде жедел штаб құрылып, жұмыс жоспары әзірленген болатын. Бүгінде су басқан жолдарға топырақ төселіп жатыр. Бұл іске 18 арнайы техника мен 20-ға жуық маман жұмылдырылды.

 

 

 

 

«ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ облыстық филиалы жол қауіпсіздігі және пайдалану бөлімінің басшысы Ақылбек Қабылдиннің мәліметінше, 1981 жылы салынған 72 метрлік көпірді қайта жөндеу қажет. Десе де жол өткелін қайта салу артық болмайтынын да алға тартуда. Бұл іске кем дегенде төрт айдай уақыт керек.

 

 Қ. Сәтбаев атындағы ауылдық округтің әкімі Қалым Әмиевтің айтуынша, көпірдің ортасынан көліктің өтуіне тыйым салынған. Алайда ауданмен байланыс үзілген емес.

 

  Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі, көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Гүлсім Манзулова Теңдік ауылында 30 жыл тұратынын айтады.

Соңғы рет 2013 жылы табиғаттың тосын мінезіне тап болған едік. Бұл жолы кешке қарай үйдің ішіне енген су еденді көтеріп кетті. Абырой болғанда, ауыл тұрғындары дін аман. Ауданмен байланыс үзілген жоқ. Гуманитарлық көмек, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді, - дейді ауыл тұрғыны.

Суреттерді түсірген - Төлеген Нұрғазы

 

pavlodarnews.kz