Бұл жөнінде  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына қатысты өз пікірін білдірген  «Ертіс дарыны»  өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов айтты.
 
- Кеше ғана  барлығымыз Жолдауды тыңдадық, - дейді  Ғаждембек Тұрсынов. -  Оның ішінде  жетінші - «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытына тоқталатын болсақ, Мемлекет басшысы оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға зор көңіл бөліп отыр. Оқушылар сарайында компьютерлер мен зертханалар, 3D-принтерлер және инфрақұрылыммен қамтуды тапсырды. Әсіресе, балалардың  технологиялық паркі мен бизнес-инкубаторын ашу туралы  ой көңілге қуаныш ұялатады және біздің облыс оған дайын деуге негіз бар. Аймақтағы барлық мектептерде робот техникалары мен шахмат кабинеттері ашылған. Ұстаздар арнайы курстардан өтіп, біліктілігін арттырды. Сондықтан да бұл жұмыс еш қиындық тудырмауы керек. Жалпы, қазіргі заман жаңа технологиялар мен робот техникасы дамыған дәуір.  

Орталық басшысы өңір ұстаздары жаңа стандарттарды енгізу үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінде арнайы біліктілігін арттыру курстарынан өткенін атап өтті. Осыған сәйкес енді олардың жалақысы да арта түспек.

- Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі өзгерістерге сай болу үшін  білім деңгейін арттыруды мектепке дейінгі мекемелерден бастау керектігін айтты. Себебі, ертең мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер  бастауыш сыныпқа бейімделіп кету үшін қазіргі күннен бастап балалардың өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамыту қажет.  Әрине, бұл - құптарлық іс. Мұның барлығы бала бір мекемеден екіншісіне ауысқанда сол ортаға тез бейімделуіне әсер етеді.   Бүгінде мектептер  жаңа оқулықтармен,  бағдарламалармен жұмыс істеуде, - дейді Ғаждембек Тұрсынов.

Оның айтуынша, орта білім беру мектептерінде математика және жаратылыстану бағытында білім сапасын арттыру  бойынша Ертіс өңірінде көптеген шаралар атқарылуда. Мәселен, облыста білім беру басқармасының ұйымдастыруымен  жеті жыл қатарынан 7-8 сыныптарға арналған жаратылыстану-математика бағытындағы пән олимпиадасы өткізіліп келеді.

Павлодар облысында алғаш рет оқушылардың арасында өлкетануға байланысты жергілікті компоненттерді игерту мақсатында Е. Бекмаханов атындағы тарих және өлкетану турнирі ұйымдастырылады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани