№5512 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен «Достық» мәдени-сауық орталығында өткен шараға Ұлттық ұлан офицерлері, сарбаздары мен ардагерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері және облыстық ішкі істер мен қорғаныс істері жөніндегі басқармаларының басшылары қатысты.

Шара барысында еліміздің өзге де әскери бөлімдері мен жауапты органдардан келген құтықтау хаттары оқылды.

Сонымен қатар, әскери қызметте өз міндеттерін атқаруда көзге түскен офицерлер мен сарбаздар алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

- Бүгін әскери ұйымның құрылғанына 26 жыл толып отыр, - дейді №5512 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары Ілес Төлеуішев. – Күнделікті еңбегімен өңіріміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тұрғындарды қылмыскерлерден және әртүрлі құқық бұзушылықтан сақтайды. Тек қана қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп қана қоймай, кейбір қылмыстың ашылуына себепкер болып жатады. Сондай кездерде ерлік танытқан, озық шыққан қызметкерлер бүгінгі шарада марапатталады.

№5512 әскери бөлім - еліміздегі үздік бөлімдердің бірі. Бөлімдер арасындағы бәсекелерде жүлделі оралып жүр. Соңғы рет 2017 жылдың желтоқсан айында өткен республикалық «Ұлттық ұланның үздік офицерлері» сайысында бірінші орынға ие болған.

Айта кетелік, жыл сайын төрт мыңнан астам сарбаз еліміздің 18 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуге шығады.

Оразбек Саяхат
Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz