Бұл туралы агенттікке облыстық ХҚО басшысы Жанат Нұржауова айтты.

Павлодар облысы бойынша бұл қызметті екібастұздық ана Меруерт Макраева қолданды.

- Меруерт бұл жаңашылдықтың осы заманда өте ыңғайлы және қажет нәрсе екенін айтады. Әсіресе, ол бала өмірінің алғашқы күнінде уақытын құжаттарды ресімдеуге байланысты қағаз бастылықтан гөрі балаға көп бөлгісі келетінін айтты. Әлімхан биыл 6-қаңтарда дүниеге келген.

Маманның айтуынша, 2017 жылғы 29-желтоқсанда бала тууға байланысты мемлекеттік қызметті проактивті тәсілмен ұсыну бойынша пилоттық жобасы іске қосылған.

Алғашқы кезеңде проактивті қағида бойынша адамның өмірге келуіне қатысты қызметтер жүзеге асырылады. Жаңа босанған анаға автоматты түрде оның сәбиінің аты-жөні қалай болатыны туралы хабарлама келеді.

Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинаса, өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ, телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірімізде 2017 жылдың 31 желтоқсаны мен 2018 жылдың 1 қаңтары арасында 44 нәресте дүниеге келген. Оның 28-і ұл және 16-сы қыз бала. Жаңа жылдың бірінші күні алғашқы егіз сәби дүние есігін ашқан.

 

Оразбек Саяхат

Фотоны ұсынған Жанат Нұржауова

pavlodarnews.kz

Тэги: