Павлов көшесі, 48, мекенжайындағы ХҚО-ның жанында көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілетін зал ашылды.

- Бұрын азаматтар орталықтың негізгі залында кезек күтетіндіктен қызмет көрсету уақыты ұзаққа созылатын, - дейді Павлодар облысының ішкі істер басқармасының баспасөз орталығының басшысы Баян Мағзұмова. – Қазір жағдай реттелді. Енді жұмыс жылдамырақ орындалады. Әсіресе, Қазақстанға жұмыс істеу мақсатында келетіндер құжаттарын тезірек рәсімдей алады.

2017 жылдың соңында қалалық ішкі істер бөлімінің үнемделген қаржысымен ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді бұл жерде көші-қонға керекті барлық құжаттарды электронды пошта арқылы да алуға болады.

- Өзге мемлекеттің азаматтарын тіркеу мен олардың елімізден шығу мәселесі бұрындары қиындық туғызатын, - деді қалалық ішкі істер бөлімінің орынбасары Нұрғали Омарбеков. – Енді бұл залдың ашылуымен мәселенің шешімі табылды.

Сонымен қатар, ол жерде павлодарлықтар әкімшілік айыппұлдарды да төлей алады.

Өткен жылы облыс орталығының полицейлері 54 384 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Оның 49 698-іне айыппұл төлету жөнінде қаулы шығарылған. Тәртіп бұзушылар 305 млн теңгеден астам айыппұлдарын төлеп қойған.

Райымбек Дулат
Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz

Тэги: