Жуырда агенттік сайтында павлодарлық шорт-трекшілер Денис Никиша мен Ким Ионг Аның Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алғаны тура ақпарат жарияланған болатын.

Facebook әлеуметтік желісінің пайдаланушылары спортшылардың Павлодар облысынан екендігіне күмән келтірді.

Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында агенттік тілшісі дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Олег Кольевге хабарласты.

- Бізде тұрғылықты мекенжайы бойынша Павлодарда тіркеліп, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген тек шорт-трекшілер ғана емес, биатлоншылар мен шаңғышылар да бар, - дейді Олег Кольев. – Бір ұйымнан екінші ұйымға ауыстыру заңы да бекітілген. Барлығы ресми түрде. Спортшылар Олимпиада ойындарында Ертіс өңірінің атынан сынға түсуге өздері ниет білдірді. Біз оларға қажетті жағдайды жасап, қаржылай демеу береміз. Иә, бүгінгі таңда бізде шорт-тректің филиалы да, үйірмесі де жоқ. Шорт-трекшілер – қостанайлық спорт мектебінің түлектері. Олар біздің аймағымызда осы спорт түрінің кеңінен насихатталуына септігін тигізуде. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореядан жүлделі оралады деген сенімдеміз. Конькимен жүгіруді еркін меңгерген қыз-жігіттер Астана мен шет елдерде жаттығады. Қазіргі таңда Павлодарда триатлон, дуатлон, академиялық есу сияқты тыңнан спорт түрлері енгізілуде. Оның ішінде шорт-трек те бар. Бұл спорт түрлері енді-енді даму үстінде. Сондықтан болашақта өзіміздің шорт-трекшілерімізді шығарамыз деген үміттемін және оған қажетті жағдай жасалып, жеке жаттығу базасы ашылуы мүмкін.

Олег Кольевтің айтуынша, Еркебұлан Шамұхановтың лицензия алуы сұрақтың астында қалып отыр.

- Бұл жердің жүйесі келесідей: Егер Ресей құрамасы Олимпиада ойындарына жолдама алса, Еркебұлан әлемдік жарыстан тыс қалады. Ал, ресейліктер өтпей қалған жағдайда павлоларлық спортшы ұлттық құрама сапында эстафеталық сайыста бақ сынайды.

Еске салайық, Оңтүстік Кореяда ақпанның 9-25 аралығында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 12 павлодарлық өнер көрсетуі мүмкін.

Үміткерлер сапында биатлоншылар Антон Пантов, Дария Климина, Максим Браун, Тимур Куц пен Александра Сасина, шаңғышылар Анна Шевченко, Ирина Быкова мен Дарья Ряжко және шорт-трекшілер Денис Никиша, Ольга Тихонова, Еркебұлан Шамұханов, Ким Ионг А бар.

Абзал Қабдраш
Фото: liter.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт