Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында вагондарды жібітуге арналған бірегей қондырғы іске қосылды. Қазақстанда теңдесі жоқ шешімді кәсіпорын, Еуразиялық Топ құрамындағы «ERG коммерциялық орталығы» ЖШС және «ТрансКом» ЖШС бірігіп жүзеге асырды.

Жаңа учаске осы қыста зауыттың бірден екі маусымдық маңызды мәселесін шешуге септігін тигізеді. Жолда қатып қалған жүктердің түсірілуін жеделдетіп, тазалау кезінде вагондардың тұрып қалу уақытын азайтады.

– Кәсіпорында өз вагонжібіткіші болу керек екені туралы сұрақ бұрыннан талқыланып келді, - деді кәсіпорын директоры Сергей Прокопьев. – Жақын және алыс шетелдердің көптеген ірі кәсіпорындарының тәжірибесін соңғы екі жыл бойы зерттеген біздің жұмыс тобымыз оңтайлы шешімдер ұсынды. Нәтижесінде өткен күзде нақты шешімге келдік. Жергілікті ауа райы жағдайын ескере отырып, қондырғыны орналастырудың тиімді орны, құрылым мен қолданылатын жабдықтың түрі анықталды.

Бүгінгі күні тәжірибе түрінде пайдалануға қондырғының алғашқы кезегі іске қосылды. Қалған инфрақызыл сәуле шығаратын құрылғылар монтаждалып қосылғаннан кейін учаске тәулігіне 50 вагон жібітіп, жобалық қуатында жұмыс істей бастайды.

Айта кетелік, Ақсу ферроқорытпа зауыты 2018 жылы мерейтойын атап өтеді. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын қаңтарда мұнда алғашқы қорытпа шығарылған. Ал, бүгінгі күні кәсіпорын әлем бойынша ферроқорытпаның ең ірі өндірушісі және жеткізушісі болып отыр. Бұл жерде жыл сайын 1 млн . тоннадан аса өнім шығарылады, оның басым бөлігі алыс шет елдерге экспортталуда.

pavlodarnews.kz

Тэги: