- «100 жаңа есім» жобасына Павлодар облысынан бес үміткер енген болатын. Солардың ішінде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанар Байсейітова мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалінің иегері, балалар хирургі Ерлан Рамазанов бізге қонаққа келді, - дейді дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің директоры Самал Айтқазина. - Оқушылармен жылы жүздесу болды. Өз жетістіктерін үнемі ізденіс, білім мен өз мамандығын жақсы көрудің нәтижесі деп санайтын қарапайым адамдардың өмірімен танысқан балалар түрлі сұрақтар қойып, кездесуді ашық әңгіме алаңына айналдырды. Павлодар өңірінің атын шығарған тұлғалардың оқушылармен кездесуі келешекте елі үшін еңбектенетін патриотты ұрпаққа үлгі боларына сенім мол.

Еске салайық, білікті маман, неонатолог-хирург Ерлан Рамазанов 2000-нан астам нәрестеге ота жасаған. 2014 жылы Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар институты ұйымдастырған хирургтардың сьезінде Ерлан Рамазанов «Қазақстан Республикасының ең үздік неонтолог хирургы» ретінде танылды. Ал, 2016 жылы республика көппрофильді балалар ауруханалары арасында Павлодар облыстық балалар ауруханасы бірінші орын иеленді. Мұндай жетістікте бірінші кезекте Ерлан Рамазановтың қосқан үлесі зор.

Ал, Жанар Байсейітова Қазақстан Республикасының талантты ғалымдарына берілетін мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері. Оның 120-ға жуық ғылыми мақаласы жарық көрген. Ғылыми еңбегін қорғағаннан кейін 72 еңбегі шықса, төртеуі Skopus базасына кіретін импакт-фактор журналында жарияланған.
Алты оқу-әдістемелік құралының біреуі ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысына сай жазылған. Солардың екеуі бастауыш және орта кәсіби білім беру ісіне арналған оқулықтар әзірлеу бағытында өткен конкурста жеңімпаз атанған. Сондай-ақ тағы екі оқу-әдістемелік құралы Австрияның «East West» Association for Advances Studies and Higher Education GmbH» баспасында шыққан.
2015 жылы ғылыми зерттеу еңбегінің нәтижесінде «Девиантное поведение: теория и практика» атты монографиясы басылып шықты.

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани