Өткен жылы қарды қараша айынан бастап тазалауға кіріскен. Қардың қалың түсуі көлік қозғалысын бөгеп, ПИК пен қызмет көрсету мекемелеріне қиындық туғызды.

Аулаларды қардан тазарту былтырдан бастап қызмет көрсету орталықтарына жүктелген. Олардың кейбіріне айыппұл салынған соң пәтер иелері кооперативі бұл соманы өтеу үшін тұрғындардың есебінен ұстап қалған болатын. Дегенмен бұл жағдай жұртшылықтың қарсылығын тудырды. Осы жылы павлодарлықтар қалың қарды жаңа жылдан кейін ғана көрді.

Қарды тазалауға міндеттелгендердің бірі - «Али-Имран» жеке кәсіпкерлігі. Қызметкерлер Торайғыров көшесі, 36 үй мекенжайы бойынша ауладағы қарды тазалау үшін арнайы техникаларды жалдады.

- Қар тазалауға кірісу туралы бастаманы кооперативтің төрағасы ұсынған, - деді сол қызмет көрсету мекемесінің өкілі Евгений Ушаров. – Былтыр бұл үйге қызмет көрсеткен жоқпыз. Қыркүйек айынан бастап қана алдық. Өткен жылы бір де бір айыппұл алмадық. Үйілген қарды көрсек тазартып отырдық. Өзім жүргізушімін. Осы маңға жауап беремін. Қарды тазалау қиын, жұмыс істеп жүріп біреуді қағып кетуің мүмкін. Барлық шығын тарифке кіреді.

Қар тазалағыш машинаны жалдау құны жеті мың теңгеден басталады. Өткен жылы бұл сома сегіз мың теңге болған. Қалың қар жауған кезде жалдау бағасы сағатына 10 мың теңгеге дейін көтеріледі.

- Барлық өтініштерді қызмет көрсету мекемелері береді, - дейді тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Бақытгүл Базылова. – Ал, басқарушы органдарға тұрғындар өздері хабарласуы керек. Әр басқармаларда жұмыс әртүрлі жүріледі. Кейбірі машиналарды жиналған ақшаға жалдаса, кейбірі жоспарланған қаржыға, тіпті кей ПИК-тер шығындарды тарифке кіргізеді. Біз жергілікті полиция қызметімен бірге қаланы аптасына екі-үш рет аралап отырамыз. Рейд нәтижесі бойынша қарды тазаламаған мекемелерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша айыппұл салынады.

Райымбек Дулат
Фото: Кристина Кохно

pavlodarnews.kz

Тэги: