Бұл туралы агенттікке тілдерді дамыту басқармасының маманы Дәулет Темірболат айтты.

-  Бүгін басқарманың бірінші қабатында латын әліпбиі бойынша арнайы кабинет ашылды, - дейді Дәулет Темірболат. - Тіл – қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани әрі тарихи құндылық, достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ұлттың жаны, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі. Мұнда көрмеге келгендердің назарына 100-ден аса кітап қойылды. Оның ішінде ғалым, филология ғылымының докторы, профессор  Әлімхан Жүнісбектің «Төл әліпби – төл жазу мәселелері» және тіл білімі маманы, филология ғылымдарының кандидаты Құлмат Өміралиевтің «Қазақ тіл білімі мәселелері» еңбектері қойылды. Қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері де бар.

Бұдан басқа, латын графикасына көшу тарихы туралы Әзірбайжан, Түркия және Тәжікстан елдерінің халықаралық тәжірибесінен алынған материалдарды тамашалауға болады. Сондай-ақ, басқарма қорындағы мемлекеттік тілді меңгеруге арналған әдістемелік нұсқаулықтар және латын графикасына қатысты кітаптар, газет-журналдар ұсынылған.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz