Облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері Айман Оспанованың сөзінше, сәби 11-қаңтар күні Ертіс аудандық ауруханасында 30 апта, алты күн мерзімінде дүниеге келген.

Жас ана аудандық газеттің тілшісі. Бұл оның екінші баласы.

Аудан орталығына барған дәрігерлердің жұмысын ауруханадағы жарықтың сөніп қалуы бөгеуде. Баланың өмірі үшін ақ халаттылармен қатар энергетиктер және Қазавтожол қызметкерлері күресуде.

Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бір күн ішінде жедел жәрдемге 800-ден астам шақыру келіп түскен. Бұл өзге күндердегі нормадан 30%-ға жоғары. Түрлі дене жарақаттарымен аймақ ауруханаларына 80 шақты адам жүгінген.

Еске салайық, облыстық ТЖД-ның хабарлауынша,  бүгін қатты жел салдарынан Павлодар өңіріндегі барлық бағыттағы тас жолдар жабылған.

- Біз күшейтілген режимде жұмыс істеудеміз. 200-дей адам жолда қалды. Жүргізушілерден сақ болуды өтінеміз, - деді департаментте.

Облыс орталығының тұрғындары агенттікке қоңырау шалып, Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылының маңында төрт көлік жолда тұрып қалғанын айтты. Жолаушылардың арасында балалар да бар.

- Менің әке-шешем күндізгі үштен бастап жолда тұр. Бес сағат ішінде олар бір жарым шақырым ғана жүріп өтті. Жаңа ғана анам хабарласып, құтқарушылардың келгенін айтты. Олар Жаңабет ауылының мектебіне жеткізілді, - дейді павлодарлық.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: