- 2017 жыл бәріміз үшін қызықты болды, - дейді басқарма басшысы Наталья Нефедова. - Біз республикада алғашқы болып еріктілердің орталығын аштық. Бұл - үлкен жетістік. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған ЖОО мен колледж студенттеріне тегін және жеңілдігі бар жолақыны алуға мүмкіндік жасадық. Жаңадан қоғамдық бірлестіктер қатарға қосылды. Олар өз кезегінде көше биі, стрит-воркаут сынды бағыттармен айналысады. Өткен жылы біз Zhas Project жобасында пилоттық аймақ ретінде болдық. Жоспарларымыз көп, алдағы жылы ортақ жұмысымыз жағасын табады деген сенімдемін.

Наталья Нефедованың сөзіне сүйенсек, 2018 жылы жастар бастамаларын дамыту орталығында бірінші IT-орталық өз жұмысын бастайды.

- Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында оқушылар сарайы маңында IT және бизнес-инкубатор орталықтары ашылу керек деген болатын. Бізде жастарға арналған бизнес цех бар. Сондай-ақ, біз 10 бағыт бойынша және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмысымызды жалғастырамыз.

Ақпараттық-сараптамалық қызмет, үйлестіру мен жастар бастамаларын жүзеге асыру бөлімінің басшысы Дәурен Абдрахмановтың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс аясында жалпы сомасы 108 миллион теңге болатын 21 лот ұтысқа тігілді. Бұл жұмыстармен 11 үкіметтік емес ұйым айналысты.
2017 жыл барысында «Ертіс толқыны», «Хан қорық», «Жастар Павлодар kz» сынды ауқымды шаралар жүзеге асты.

Айта кетейік, жиын барысында қоғамдық өмірге белсенді қатысып жүрген жас қыз-жігіттер марапатталды.

Абзал Қабдраш
Суреттерді ЖБДО ұсынды

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани