Бұл туралы агенттікке аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов айтты.

-    Кеше, шамамен кешкі сағат 19.30-да  көліктердің жолдан шығып кеткені туралы хабарлама келіп түсті, - дейді Сержан Иманқұлов. – Жолаушылар мен жүргізуші Шарбақты ауылына жеткізілді. Абырой болғанда барлығы дін аман. Көлікте болған бес адамның төртеуі – Ресей Федерациясының азаматы. Сол жерде екі техника жұмыс істеді.

Бұдан басқа, түскі сағат бірдің кезінде Шарбақты ауылынан шыға берістегі «Павлодар – Шарбақты – РФ шекарасы» республикалық тас жолында 15 жеңіл  және жеті  жүк көлік, үш жолаушылар автобусы қар құрсауында қалған. «Новосібір – Шымкент» бағытындағы көлікте бір бала және 31  ересек адам, «Михайловка – Павлодар» бағытындағы көлікте бір бала мен 25  адам, «Славгород – Павлодар» бағытында екі адам болған. Барлығы 108 адам ақ түтекте жолға шыққан. Осы учаскеде жергілікті полиция қызметінен екі экипаж және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кезекшілік ұйымдастырған.

-    Кеше аудан басшылығымен аудандық маңызы бар барлық жолдар жабылды және ауылдық аймақтардың әкімдеріне жергілікті полиция қызметімен елді мекеннен тыс жолға шықпау бойынша тапсырма берілді. ТҮКШ бөліміне ауыр техникалар мен кезекшілік ұйымдастыру және жылыту пунктілерін дайындау жүктелді, - дейді бөлім басшысы.

Республикалық тас жолда төрт жылыту пункті мен алты арнайы пункт қойылған. Шарбақты ауылындағы жылыту пунктіне 84 жолаушы жеткізіліп, тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етілген.

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: