Бұл туралы бүгін ТЖД ғимаратында өткен баспасөз жиынында өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлімхан Қайыргелді  айтты.

-  2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап бүгінге дейін алты адам өрттен қаза тапқан, - дейді ол. – Сондай-ақ, үш тұрғын тілсіз жаудың кесірінен жарақат алған  болса,  екі адам ысты газдан уланып қалған.  1-қаңтардан бастап 35 өрт болған. Азаматтық қорғаныс қызметкерлерімен алдын алу шаралары жүргізілуде, дегенмен тұрғындардың мас күйінде және төсекте жатып шылым шегуі қайғылы жағдайлардың  орын алуына себеп болып отыр.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2017 жылы өңірде тіркелген 938 өрт салдарынан 120 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Қызыл жалынның құрбаны болғандардың саны - 25 адам. Оның төртеуі – бала. Жарақат алған 34 адамның алтауы - бала. Десе де, мамандар 2016 жылмен салыстырғанда өрт көрсеткіші  тоғыз пайызға төмендегенін айтады.  Ал, жарақат алғандардың саны 18 %-ға жоғарылаған.

Жалпы, тізімге алынған өрттің 66 пайызы пешпен жылытылатын тұрғын үй секторына келеді.  Мәселен,  30  оқиғаның 27 жағдайында тұрғындар жарақат алған болса, үшеуі өліммен аяқталған.

 Өткен жылдың қазан айынан бастап бүгінге дейін жылыту маусымында 158 өрт тіркеліп, материалдық шығын сомасы 11 млн 945  мың теңгені құрады. Ажал құшқан 14 адамның үшеуі – бала, жарақат алған  13 адамның бесеуі – бала.

Үш айдың ішінде ысты газдан тоғыз адам уланған. Оның  жетеуі түрлі дәрежеде медициналық мекемеге жеткізілсе, екеуі оқиға орнында жан тапсырған.

 Ақбота Сейсенбаева

Суретті түсірген - автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам