Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауал хатына берген жауабында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев айтты.

-    Облыста 100 мың тұрғынға шаққандағы ауру көрсеткіші 2017 жылғы 40 аптадан бастап 2018 жылғы 1 аптаға дейін бақылау деңгейінен аспады, - дейді басқарма басшысы. – Негізгі алдын алу шаралары ретінде вакцинациялау  жүргізілді. Бұл тұрғындардың 12,6 пайызын құрайды. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен  76350 адам, жұмыс беруші есебінен және ақылы негізде  21090 адам  вакцина алды. Тұмауға қарсы екпе 2017 жылғы 1-қазаннан бастап қолға алынған және бүгінге дейін жалғасуда. Бұл  ретте жүкті әйелдер есепке алынбады. Себебі, олардың арасында   вакцина  салу 2017 жылы 1 қазан - 30 қараша  аралығында өткізілді.

Мұндай вакцина А және В тұмауына қарсы төтеп беретін ерекше иммунитеттің жоғары деңгейін дамытуға әсер етеді.  Оның қорғаныс әсері екпе алғаннан кейін 8-12 күнде күшіне енеді және 12 айға дейін сақталады.

 Екпе халықтың осал тобына арналған. Бұл санатқа 6 айдан бастап 3 жасқа дейінгі балалар, жиі созылмалы аурулары бар науқас балалар, (жүктіліктің 2 және 3-ші триместрі) жүкті әйелдер,  кез келген жастағы обструктивті өкпе ауруы, демікпе, қант диабеті  сияқты созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқандар жатады. Сондай-ақ,  медицина қызметкерлері міндетті түрде екпе алуы тиіс.

Еске сала кетейік, былтыр Павлодар облысында тұмауға қарсы (76 мың доза) екі есеге   артық вакцина  сатып алынған.  Былтырғы жылдың ұқсас кезеңінде тұмаудың 18 оқиғасы тіркелген. Оның ішінде екі жағдайда балалар  шалдыққан.

Ақбота Сейсенбаева



pavlodarnews.kz

Тэги: