Бұл туралы агенттікке Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ермек Машрықов айтты.

- 11-қаңтарда соққан қатты боранда бір метр жердегі үйдің өзін көру мүмкін болмады, - дейді Ермек Машрықов. - Жалаулы ауылы мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері мен 4-сынып оқушысы білім ордасынан шығып, ауыл ішінде адасып кеткен. Бұрын «үйден шығып адасып кетті» дегенде сенбейтін едік, енді міне, кеше көзіміз жетті. Айнала ақ түтікке оранып, түк көрінбей кетті.  Жалаулы ауылының әкімі Азамат Медетовпен бірге арнайы топ құрылып, адасқандарды екі сағаттың ішінде аман-есен таптық. Бала да, ұстаздар да дін аман.

Айта кетейік, кеше Ақтоғай ауданының тас жолдарында қар құрсауында қалған 23 көлік, 81 адам тұрып қалған.

- Төтенше жағдайлар бөлімінің 17 техникасы боран кезінде 18 көлікті алып шықты. Жолаушылар Әуелбек, Жаңабет, Мүткенов, Ақтоғай ауылдарының жылыту пунктеріне жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Жолда тұрып қалған бес ауыр техника бүгін шығарылады, - деді Ермек Машрықов.

Абзал Қабдраш
Фото: rasfokus.ru

pavlodarnews.kz