Ғылыми-сараптамалық топтың төрайымы Сәуле Мамытова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы бүгінгі күннің басты тақырыбы екендігін жеткізді. Бұдан әрі жиналғандар Жолдауды жүзеге асыруға атсалысу жолын қарастырды.

Павлодар педагогикалық колледжінің оқытушысы Хабиба Абилова ел болашағы болатын саналы ұрпақ тәрбиесі ұстаздардың мойынында екендігін атап өтті.

- Биылғы Жолдауда негізге алынған 10 бағыт айтылды, - дейді Хабиба Абилова. – Ғылым саласында жүргендіктен, жетінші бағыт білім саласының қызметкерлеріне үлкен үміт пен жауапкершілікті жүктейді Мұғалімдердің мәртебесін көтеру олардың білім дәрежесін жоғарылатуға, білім беру сапасын арттыруға әкеледі. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның байлығы жер асты ресурстары ғана емес, адами капитал екендігін айтты. Еліміздің дамуы үшін адами капитал да сапалы болу керек. Ал келер ұрпақтың білімі сапалы, тәрбиесі саналы болуына тікелей білім саласының қызметкерлері жауапты.

Өз сөзінде облыстық конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова жыл сайынғы Жолдау белгілі бір қиындықтардан шығу жолын көрсететінін тілге тиек етті.

- Президентіміз қоғамдағы айтулы мәселелерді қалт жібермейді, - дейді Гүлназ Раздықова. – Сол мәселелерді шешу жолын өз Жолдауында жеткізіп отырады. Осы жолы да сол бағытта көптеген маңызды дүние қозғалды. Елбасы айтқандай: «әр адам өз елін мақтап қана патриот болмайды, еңбек етіп, кем тұстарын толықтыруға атсалысу арқылы патриот болады». Сондықтан әрқайсысымыз өз жұмыс орнымызда отырып сол бір жағдайдан шығуға үлес қосуымыз керек.

Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы Жолдаудың әр азаматқа жетуіне, насихатталуына үлес қоспақ ниетте. Ұлтаралық бірлікті сақтай отырып, жұдырықтай жұмылып Президент жүктеген міндеттерді орындамақ.

Оразбек Саяхат

Фото: Мақсат Айтбаев

pavlodarnews.kz

Тэги: