Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кленовая  көшесі, 110/1 мекенжайы бойынша екі пәтерлік  бір қабатты төрт бөлмелі үйде  жиһаздар мен терезе жақтауы,  есік, кірпіштен салынған құрылыс жанған. Қызыл жалын 70 шаршы метрді шарпып, төбесі опырылып түскен.

- Тілсіз жауды сөндіру барысында 64 және 59 жастағы ер адам мен әйел адамның денелері табылды. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайдың орын алуына электр құралдарын дұрыс пайдаланбау себеп болған, - деді департаментте.

Өрт шыққаны туралы хабарлама «112» нөміріне сағат 12.52-де түскен. Сағат 03.21-де толығымен сөндірілген. Оқиға орнында  №34 және № 1 өрт сөндіру бөлімдерінен және Усолка шағын ауданында жеке орналасқан №2 өрт сөндіру бекетінен бес техника мен 15 адам  жұмыс істеді.

Бұдан басқа, аурухананың қабылдау бөлімінің кезекшісі таңғы сағат 05.25-те облыстық балалар ауруханасына бүгін сағат 4.25-те Ленин кентінен екі қыз баланың жеткізілгені туралы қоңырау шалған.

«Түрлі деңгейде ысты газбен улану» диагнозы қойылған  екі қыз  баланың жасы 15-те. Қазіргі таңда  олар соматика бөлімінде ем қабылдауда.  Пешті дұрыс қолданбау салдарынан жеткіншектер  осындай жағдайға тап болған.

-  Соңғы кездері тұрғындар үйді жылыту кезінде отынды үнемдеу мақсатында пештің мұржасын ерте жауып тастайды.  Осыған байланысты алдын алу шаралары жүргізілгеніне қарамастан, соңы қайғылы аяқталатын жағдайлар жиілеген, - дейді баспасөз қызметінде.

Ақбота Сейсенбаева



 



 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам