«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Гүлжан Жүрсінованың айтуынша, жыл сайын барлығы 16 команда қатысады. Оның  сегізі қазақ тілінде және сегізі орыс тілінде білім алатын мектептердің оқушылары. Әр команда алты баладан тұрады.

-    Алматы және Астана қалаларынан келген командалар біз үшін ең мықты қарсыластарымыз, - дейді  Гүлжан Жүрсінова. - Оның ішінде ұлдарға арналған «Білім-Инновация» лицейі  мен астаналық «Magic Mathematics» командасын атап өткен жөн. Павлодар облысынан үш  қазақ тілінде  және үш орыс тілінде  оқитын команда өңір намысын қорғауда.  Бұдан басқа,   № 8 лицейден, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінен, ұлдарға арналаған «Білім-Инновация» лицейінен жеке команда  ұсынылып отыр. Сондай-ақ, құрама командасына мамандандырылған мектептер мен  № 38, 39 жалпы білім беру мектебі кірген.

Бүгін  бірінші кезең лигаларға бөлу үшін  жазбаша түрде өткізілсе, екінші кезең үш тур бойынша үш күнге созылады. Түске дейін математика сайысының есептерін шығару, түстен кейін математикалық сайыс жоспарланған.   

Биылғы жылы турнирдің тапсырмалары күрделендірілген. Мұндай  ауызша сайыстың нәтижесінде  балалар командамен жұмыс істеуді үйренеді, көшбасшылық қасиет қалыптасады. Төрелік етуге ниет білдірген командалардың жетекшілері  қазылар алқасынының құрамына енгізілген.

-    Жыл сайын бір кубок болса, биыл екі кубок ұсынылды. Себебі, үш күн қатарынан қазақ тілді және орыс тілді  командалар бақ сынайды. Осы топтың ішінен суырылып шыққан үздік командалар соңғы күні  жазбаша тапсырма орындайды. Нәтижесінде жеңіске жеткен командаға үлкен кубок тапсырылса, жеңілген командаға кіші кубок беріледі.  2013 жылы Қазан қаласында өткен 42 математикалық турнирге қатысқан болатынбыз.  Олар жарты ғасыр бойы осындай турнир өткізеді және  Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналады.  Өкінішіке орай, бізде әзірге өңірлік деңгейде ғана өтеді, - дейді   Гүлжан Жүрсінова.

Айта кетерлігі, алғашқы жылы математикалық сайыстың бас жүлдесі Павлодар қаласының № 8 лицейіне бұйырса, былтыр астаналық «Magic Mathematics» командасы жеңімпаз атанған.

Ақбота Сейсенбаева

 

 

pavlodarnews.kz