Іскерлік әлеміне батыл қадам басқан жеткіншек болашақта бұл кәсібінің табыс көзіне айналарына сенімді.

Балнұрдың балапан бизнесін қолдауға ниет білдіргендердің дені ересектер. Түрлі геометриялық фигуралар, жүрек, гүл, қуыршақ формасындағы түрлі-түсті сабындар  кішігірім тойларда қоржын-қалтаға салуға таптырмас сыйлық саналады.

 Әкесі Қожакелді Аманкелдіұлының айтуынша, қызының бұл өнері туралы Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы баяндағаннан кейін аз уақыттың ішінде 80-ге жуық тапсырыс келіп түскен.

Балнұр биылғы қысқы демалыста Алматыға арнайы барып, жақын туысынан сабын жасаудың қыр-сырын үйреніп келген.  

Қыздарының талпынысына қолдау білдірген ата-анасы тың бастама баланың уақытын жоспарлауға, тиімді пайдалануына сеп болады деп отыр.

Тапсырыстарды Балнұр сіңілісі Нұраймен бірлесіп, асқан қызығушылықпен орындауда.

- Салмағы 70-90 грамм сабынды жасауға 15-20 минут уақыт жұмсалады. Адам ағзасына аллергия тудырмас үшін иіс майларды да шамалап қолданамын. Сабынның негізі, әртүрлі формадағы қалыптар және түрлі-түсті бояулар сияқты қажетті шикізаттармен  ата-анам, туыстарым қамтамасыз етті, - дейді оқушы.

Әрқайсысы 300-350 теңге тұратын жуғыш заттардың сапасы тұтынушылардың көңілінен шығуда. Кішкентай кәсіпкер болса түскен табыс көзін жеке есеп-шотта сақтап, кейін арнайы іскерлік орталығын ашуды армандайды. Балапан бизнестің қанаты қатайған соң, апалы-сіңілілі жеткіншектер қатарластары үшін шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Құралай Хасенқызы

pavlodarnews.kz