Бұл жөнінде агенттікке облыстық кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова айтты.

- Былтыр қолға 685700 кітап берілген, - дейді Баршагүл Байжанова. – Оның 108861-і виртуалды қолданушылар. Кітапхананың алты интернет-ресурсы бар. Оқырмандар көркем әдебиеттерді жиі алып оқиды. Мәселен, Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Дихан Әбілев, Мұзафар Әлімбаев және тағы басқа ақын, жазушылардың поэзиялары, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Қан мен тер» туындыларын атап өтуге болады.

Оның айтуынша, 2017 жылы жасөспірімдердің арасында Джордж Оруэллдің «1984», Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» сияқты шетел классикасына сұраныс артқан.

Жоғары жастағылар проза жанрына қызығушылық танытқан. Асқар Алтай «Дегелеңдегі қызыл күн», Ділдәр Мамырбаеваның «Жетім құлын», Бейбіт Құсанбектің «Өмір - өзен», Герольд Бельгердің «Плетенье чепухи», Амантай Ахетовтың «Благодатный разлив Аргуни», Азиза Абдраимованың «Однажды в Астане» кітаптары көп оқылған.

Барлық жастағы оқырмандардың арасында фантастика жанрындағы кітаптар жиі қаралған. Әсіресе, Стивен Кинг, Джорж Дэшнер, Джордж Мартин сынды авторлардың шығармалары павлодарлықтардың көңілінен шыққан.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: