Бұл туралы агенттікке ішкі саясат бөлімінің маманы Аманжол Ерен айтты.

- Аталмыш жастар корпусын дамыту жобасы арқылы жерлесіміз Заур Совет бір миллион теңге көлемінде  грант ұтып алған, - дейді Аманжол Ерен. – Ол «Жалын» жастар  бастамаларын дамыту орталығында әдіскер болып жұмыс істейді.  Осы қаржыға өзі жұмыс істейтін мекеменің ішінен арнайы үлкен кабинет ашты. Мұнда фильмдер көрсетуге арналған проектор және тегін Wi-fi орнатылып, толығымен заманауи үлгіде жабдықталған. Енді жастар  шахмат, дойбы, аэрохоккей, кикер – үстел футболын ойнай алады. Сонымен қатар, кешкі сағат алты жарымда отандық фильмдер көрсетіледі және жастар «Жайдарманға» дайындалады.

Маманның айтуынша, Zhas Project жобасы аясында ауданда  алты жоба жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ,  былтыр жаз маусымында Ертіс өзенінің жағасында демалатын орын  абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңшалары ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ішкі туризмді дамыту мақсатында аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары Тұзқала ауылында тегін  демалып, сауықтырудан өткен.

Айналаны қоршаған ортаны ластанудан сақтауға бағытталған «Қоқысты кәдеге жарату» жобасы  бойынша аудан орталығында пластикалық және металл, шыны заттарды сұрыптап салу үшін төрт арнайы контейнер қойылған.  

Елді мекендерді көріктендіру шеңберінде балалар ойнайтын алаңдар мен тұрғын  үйлердің  маңы  ретке келтіріліп, ағаштар отырғызылған. Бұдан бөлек, аз қамтамасыз етілген отбасылардан 15 балаға мектеп формалары мен жергілікті мәдениет үйінің ұжымына ұлттық нақытша безендірілген костюмдер дайындалған.

Айта кетейік, жастар корпусын дамыту жобасы – бұл халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Жобаны Үйлестіру агенттігі жүзеге асырады.  Пилоттық жоба еліміздің төрт өңірінде - Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында қанат қақты. Оған 18-29 жас аралығындағы 5000-ға жуық жас қатысып, өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды. Мұндағы басты мақсат - ауылдық аймақтардағы әлеуметтік аз қамтылған, екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жастарды қолдау.  

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Аманжол Ерен

pavlodarnews.kz