Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз  жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев айтты.

- Ертіс өңірі онкология ауруларынан көз жұму бойынша алдыңғы қатардан  орын алатыны белгілі, - дейді Ораз Мұқашев. - 200 орындық облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы  былтыр басталды. Өткен жылы бөлінген 700 млн теңгеден астам қаржы толық игерілді. Нысанның құрылысын аяқтау  2019 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Жаңа диспансердің қолданысқа енгізілуі нәтижесінде қатерлі ісік аурулар көрсеткіші айтарлықтар азаяды. Жоба 2012 жылы қолға алынған. Осы уақыт аралығында қаражат өзгермеді. Дегенмен инфляцияға байланысты жабдықтың құны өскен. Себебі, шетелден сатып алынатын жабдық еуро және доллармен өлшенеді. Нәтижесінде жобаға түзету енгізіледі.

Облыстың бас дәрігері ҚР Денсаулық министрлігі мен облыс әкімдігі бұл жағдайдан хабардар екенін атап өтті.

- Аймақ  үшін маңызы зор  аталмыш  жабдықты сатып алу үшін министрлікке хат жолданды. Қосымша қаражат қажет. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуде. Биыл сәуір айында республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгілі болады.  

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, қатерлі дерттен өлім көрсеткіші бойынша Павлодар облысы екінші орынды алады. Соңғы жылдары көрсеткіш (2012 жылдан бес пайызға) артқан.  Бұл жағдай диагностикалық шаралардың қолжетімділігі мен сапасына, жыл сайын скрининг жүргізумен байланысты.

2017 жылы ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 316,6-ны құрады. Өлім көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға,  асқыну деңгейі  13,3 пайызға төмендеген.

Онкологиялық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында  диспансерде эндовидеохирургиялық кешенді қолдану арқылы жаңа ота түрлері енгізілген және иммунохимиялық диагностика дамуда.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам