Бұл туралы агенттікке  облыстық білім беру басқармасы мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Ғалия Байдалина айтты

- Облыс әкімі Болат Бақауов былтыр 2017 жылы ақпаннан бастап мемлекеттік тілде оқытатын мектепке дейінгі ұйымдарды арттыруды тапсырған болатын, - дейді Ғалия Байдалина. – Осыған сәйкес өңірдегі аралас балабақшаларда сегіз қосымша топ, Павлодарда «Лингва» және «Инара» жеке меншік балабақшаның әрқайсысы қосымша 20-дан 40 орынға кеңейтілді.



Маманның айтуынша, екі пилоттық жоба аясында 42 эксприменттік топ  құрылған. Оның ішінде Павлодар қаласында – 9, Качир ауданында – 5, Ертіс ауданында – 2, Железин ауданында – 1, Успен ауданында – 1 және Павлодар ауданында – 3 топ.  Мұнда сабақтар орыс тілінде, қарым-қатынас  мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Екібастұзда 19 балабақшада өзге ұлт өкілдерінің балғындарына  21  топ іске қосылды. Бұл балабақшаларда сабақтар толығымен қазақ тілінде жүргізіледі. Өткен жылы  қазақ тілінде тәрбиелентін өзге ұлт өкілі балаларының саны 1806 болса, биылғы жылы 1964-ке жеткен.

-  Бүгінде 21 мыңнан аса бала 232 мектепке дейінгі ұйымда және 114 аралас мектепке дейінгі ұйымдағы 325 топта мемлекеттік тілде тәрбиеленіп, білім алады. Қазіргі таңда аймақта 3225 тәрбиеші жұмыс жасайды. Оның ішінде қазақтар - 2447, орыстар - 643, өзге ұлт өкілдері - 135. Тілдерді дамыту басқармасы 2017 жылы Павлодар қаласының 225 тәрбиешісі үшін қазақ тілін үйрену бойынша екі айлық курстар өткізді. 2018 жылы облыстың 190 педагогы курстан өтеді. Болашақта барлық балабақша тек қана қазақ тілінде ашылады, - дейді Ғалия Байдалина.

Еске сала кетейік, былтыр қараша айында Шарбақты ауданында қазақ тілінде білім беретін 60 орындық және биыл ақпан айында Баянауыл ауданының Майқайың кентінде 110  орындық балабақша қолданысқа берілген.

Ақбота Сейсенбаева
Суреттерді білім беру басқармасы ұсынды

pavlodarnews.kz

Тэги: