Олардың бірі Елена Краснобородкина келесідей жазба қалдырған:

- Қайырлы күн! № 24 «Айналайын» балабақшасының ата-аналар комитетінің атынан жүгініп отырмын. Неліктен күзетті алып тастаған? Ата-аналар балалардың сақтығы үшін уайымдауда. Осы мәселені қарастыруыңызды сұраймын.

Бұл жағдайға қатысты агенттіктің жолдаған ресми сауал хатына өз пікірін білдірген білім беру бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаеваның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдардың типтік ережелеріне сәйкес балаларға ата-аналардың есебінен тек тамақтануға ғана ақша жинауға рұқсат берілген. Ал, басқа мақсатта қаржы жинауға тыйым салынған.

- 2008 жылдан бері балабақшаларда күзетшілер жұмыс істеп келген, - дейді Жазира Хамзабаева. – Алайда 2017 жылдың 29-желтоқсанынан бастап күзет қызметін алып тастадық және бұл ата-аналардың ортақ келісімімен шешілген мәселе. Біріншіден, ата-аналар күзетшінің қызметіне ай сайын 500 теңгеден төлеп отырған. Дегенмен олардың жұмысына көңілі толмайтынын айтып шағымданған. Себебі көптеген жағдайда бұл қызметке зейнеткерлікке шыққан, жасы келген адамдар тұратыны белгілі және қандай да бір қауіп төнген жағдайда олардың балаларды қорғауға шамасы жете бермейді. Бұған қоса, соңғы кездері бүгін кіріп, ертең шығып кете берген. Бір балабақшада үш күзетшінің әрқайсысына 25-27 мың теңге төлеп келген. Сондықтан да адам жиі ауысады.

Бөлім басшысы қазіргі таңда үкімет тарапынан балабақшалар толық қамтамасыз етілгенін және бұл міндетті түнгі аусымдағы күзетші, күндіз балабақша қызметкерлері кезекшілік кестесіне сай атқаратындығын атап өтті.

– Күндіз кезекші отырады және әрбір топтың тәрбиешілері балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей жауап береді, – дейді Жазира Хамзабаева. – Балабақшалар сыртқы және ішкі бейнебақылау жүйесімен жүз пайыз жабдықталған. Сонымен қатар антитеррорлық әрекеттердің алдын алу мақсатында «қауіпсіздік батырмасы» іске қосылған. Егер де мекемеге сырттан таныс емес бөтен адам кірсе, осы батырма арқылы дереу қызмет көрсететін күзет фирмасы бар. Олар қауіп төнген жағдайда 2-5 минуттың ішінде жетуі тиіс.

Айта кетейік, қазіргі таңда Екібастұз қаласында 26 балабақша мен екі шағын орталық бар. 1-6 жас аралығындағы 7815 балғын мектепке дейінгі біліммен қамтылған.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz