Бұл туралы кеншілер қаласының әкімі Қайрт Нүкенов тұрғындардың алдындағы есептік кездесуі кезінде айтты.

- Ағымды жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде қалалық аурухананың құрамында компьютерлік томограф жұмыс істейтін болады, - деді Қайрт Нүкенов. - Өңірде 28 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Қалалық аурухананың корпусаралық галереясын салу жөніндегі көп жылғы негізгі мәселе шешілді және педиатриялық корпус күрделі жөнделді. Осы корпусқа бүгінгі күні қан орталығы, СПИД – орталығы, жедел жәрдем стансасы көшірілді.

Екібастұздық әкімнің айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Екібастұз қалалық ауруханасының құрамында магнитті-резонансты томограф жұмыс істейді. «Орика Қазақстан» ЖШС басшылығы қалалық ауруханаға 30 жаңа кереует сатып алуға демеуші болған.

Есептік кезең ішінде Екібастұз өңірінде 2316 бала өмірге келіп, 1125 адам қайтыс болған. Табиғи өсім 1191 адамды құрайды, бұл оң көрсеткіш. Соңғы үш жылда Екібастұз өңірі бойынша ана өлімі тіркелмеген, нәресте өлімінің көрсеткіші 2,9 %-ға төмендеген.  Жалпы өлімнің 7 пайызға төмендегені, ал туберкулез ауруының 12 пайызға қысқарғаны байқалады.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: