Шараны ұйымдастырушы «Ритм» жастар бөлімінің жетекшісі Екатерина Васильеваның айтуынша, осымен  тоғызыншы жыл қатарынан  өтіп жатқан  жарысқа Павлодар, Екібастұз,  Астана, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен қалаларынан келген 30-дан астам қатысушы бақ сынады. Жарыс ҚР автомото спорт федерациясының бастамасымен  қолға алынған.



–  Автомото бәсеке бес кезеңнен тұрады, - дейді Екатерина Васильева. – Бұл: дуельді  жарыс, «Тест-драйв»,  «Дрифт-такси», «Сайга» қару үйінің ұйымдастыруымен «Қар кешетін көлікпен сырғанау»,  «Хаски иттері жегілген арбамен серуен». Кеше дәл осы жерде қысқы ралли-спринт бойынша  «Самұрық-2018»  ҚР кубогының  екінші кезеңі өтті. Сол жарысқа қатысқандар бүгінгі  «Вьюга-2018» автожарысына қалып отыр.

Сайыс бес номинация бойынша бағаланды:  алдыңғы, артыңғы және толық стандарт жетек, ICE PRO және MONO PRO. Автошабандоздар темір тұлпарларының ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлініп, жарыс жолына шықты. Мұз үстіндегі бұралаңқы жолдармен жүйткіген көліктерді тамашалауға  келген павлодарлықтардың қарасы қалың болды.

 Алдыңғы жетекте бірінші орынды павлодарлық Евгений Лопатько,  артыңғы стандартта өскемендік Евгений Гладких, толық жетекте павлодарлық Владислав Литвинов  және ICE PRO санатында павлодарлық  Андрей Вирчик иеленді.
 
Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz