Облыстық әкімдікте өткен кезекті аппараттық жиында көктемгі мерекеге дайындық талқыланды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың айтуынша, Ертіс өңірінде Наурыз 40 күн қатарынан тойланады.

- Ерте кезде қазақтар Наурыз мерекесін әртүрлі кезеңде тойлаған, - деді Ардақ Райымбеков. – Мысалы, Сыр өңірінің қазақтары ақпан айының аяғында күн жылынғанда тойлаған. Оңтүстікте құстар қайтып келген сәттен бастаған. Батыста 14-наурыз күні адамдар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, көктемнің басталуымен құттықтайтын «көрісу» атты дәстүр бар. Орталық және Солтүстік өңірлерде кешірек тойлаған. Жалпы, Наурыз бабаларымыз үшін бір күндік мереке болған жоқ.

Мәдени-сауық шаралары 22-наурызда басталады. Сол күні облыс орталығында киіз үйлер тігіліп, театрландырылған концерт қойылып, көңіл көтеру және сайыстық, балалар мен спорт сүйер қауымға арналған алаңдар қарастырылатын болады. Режиссер ретінде Павлодарға «Ретро жұлдыздар шақырады», «Айтыңыз қабыл болсын», «Жаңа жылда – жаңа жұлдыздар» сияқты жобалардың жүзеге асуына атсалысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев шақырылды.

- Бір ай бойы барлық өңірлерде әртүрлі шаралар өткізілетін болады, - деді Ардақ Райымбеков. – Оған қоса, біз Алтай өлкесіндегі қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен Барнауылға көшпелі мереке ұйымдастырмақпыз. Наурызды тойлау 30-сәуірге дейін жалғасатын болады. Сол күні үкіметтің ұйғаруымен демалыс күні деп жарияланған. Павлодарда орталық алаңда этноауыл құрылады.

Райымбек Дулат

pavlodarnews.kz

Тэги: