Аймақ басшысы Болат Бақауов қалалар мен аудандардың әкімдерімен және басқарма басшыларымен өнеркәсіптің өңдеу секторындағы жұмысты дамыту және цифрландыру бойынша жұмыс жоспарын нақтылады. 

Жиынды бастаған аймақ басшысы Президенттің экономикадағы өңдеу секторының үлесін арттырып, өндіріске алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мәселесіне тоқталғанын атап өтті.

- Өңіріміздегі аудандарға келетін болсақ, олардың барлығында өңдеу өнеркәсібінің үлесі тек қана азық-түлік өнеркәсібіне тиесілі, - деді облыс әкімі. – Өткен жылы Баянауыл, Железин, Шарбақты, Май және Успен аудандарында өнім өндірісінің физикалық көлем индексінің азаюы тіркелді. Сіздерге өз қарамағыңыздағы аудан бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін жасап шығаратын нысандарының жағдайын сараптап, әрқайсысы бойынша толық қуаттылық деңгейіне шығудың нақты жоспарын әзірлеу керек.

Жиында жол мәселесі де сөз болды. Болат Бақауов «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Павлодар облысына 2,8 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Дәл осы көлемдегі қаржыны жергілікті бюджеттен бөлу қажет.

- Біз бұл қаржыны мақсатты түрде жұмсауымыз керек, - деді аймақ басшысы. –Жобалау-сметалық құжаттары дайын жолдар ғана емес, өңірдің тұрғындары үшін қажетті жолдарға басымдық беру керек.
Сонымен бірге, жиында өздігімен жұмыспен қамтылған азаматтар санаты мен олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу мәселесі де талқыланды. Астанада өткен кездесуде еліміздің вице-премьері ЕрболатДосаев Елбасынан бұл жүйені енгізу мерзімін 2020 жылдан 2019 жылға ауыстыруды сұраған еді. Сондықтан, Павлодар облысы осы мерзімге медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді аяқтауы керек.

- Нұрсұлтан Әбішұлы денсаулық сақтау реформасының ақсауында цифрландыру үрдісінің проблемасы бар екенін айтты, - деді өңір әкімі. – Біздің емханалардағы дәрігерлер әлі күнге дейін электронды денсаулық құжаттарының орнына оларды қағаз түрінде толтырады. Медициналық ұйымдардың компьютерлермен жабдықталуы және ғаламторға қол жетімділігі өте төмен. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аймақтағы компьютерлермен жабдықталу мәселесі толық шешілуі керек! Жалпы алғанда мемлекет басшысы барлық саладағы цифрландыруға үлкен көңіл бөледі. Біз аймақ тұрғындарына цифрландыруды енгізудің аспектілерін нақты түсіндіруіміз керек.

Болат Бақауовтың айтуынша, Елбасы кей өңірлердегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы формальдылық пен жүйесіздікке де қатты шүйлікті. Сондықтан облыс әкімі өз қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерге осы бағытта нақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

- Өңірде өтіп жатқан түрлі шаралардың бәрін «Рухани жаңғыру» аясында өткізбеу керек, - деді аймақ басшысы. – Бұл бағдарлама бірігей жобалармен ерекшеленуі тиіс. Мәселен, біздің өңірімізде өткен жылы сакралды орындар картасына кірген нысандарға күтім жасалуы керек. Осы жұмыспен айналысыңыздар. Ішкі саясат басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кеңінен насихаттауы керек. Бір реттік шаралар өткізбей, нақты жұмыс істеу қажет.

pavlodarnews.kz

Тэги: саясат