Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов айтты.

- Былтыр еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби мамандықтарға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және біліктіліктерін арттыру курстарымен 1437 адам қамтылды, - дейді Қайрат Нұрмағамбетов. - Кәсіптік қайта даярлауды 1321 адам бітіріп, 1092 адам жұмысқа орналастырылды. 26 колледждің базасында сұранысқа ие жұмыс мамандықтары бойынша кадрларды кәсіптік және техникалық даярлау жүзеге асырылады. Кәсіптік даярлауға 1049 адам бағытталды. 2017 жылдың төртінші тоқсанындағы ақпарат бойынша жұмыссыздық деңгейі 4.8 %-ды құрайды.

Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы 12971 жаңа жұмыс орындары қолданысқа енгізілген. Оның ішінде 8438-сі – тұрақты, 4533-і – уақытша және маусымдық жұмыс орындары. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 24882 адам қамтылды.

- Өткен жылы жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін өкілетті органдарына 25532 адам жүгінді. Нәтижесінде 20491 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 1979 адам, жастар практикасына 623 адам және қоғамдық жұмыстарына 3694 адам қатысты, - деді Қайрат Нұрмағамбетов.

Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылғы төртінші тоқсанда 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 413,1 мың адамды құраған. Жұмыссыздар ішінде ерлердің үлесі 47,5% болса, әйелдердің үлесі 52,5%-ды құрады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz