2018 жылы Павлодар облысында қандай жолдар жөндеуден өтетіні туралы облыстық әкімдікте өткен жиында өңіріміздің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов айтып берді.

Оның айтуынша, облысымызда жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға 14,5 миллиард теңге бөлінді.

- Қазіргі кезде Павлодар облысындағы жолдардың 78 пайызының жағдайы қанағаттанарлық, - деді Ермұрат Нұрханов. – Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Аймақ басшысы жолдарға жөндеу жүргізумен қатар, қолда бар магистральдерді де күтіп ұстау керек екенін атап өтті. Бұл мәселемен көлік инспекциясы айналысады.

- Көлік инспекциясына үш машина сатып алынды. Ендігі жерде инспекцияның мамандары жолдағы көліктердің артық жүк салмағына жедел бақылау жасай алады, - деді Болат Бақауов. – Биылғы жылы Баянауылға апаратын 175 шақырымдық жолды жөндеп, жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отырмыз. Көмір таситын ауыр жүк машиналары келесі жылы бұл жолдың быт-шытын шығарса, істеген жұмысымыздың мәнісі не? Жолдарды сақтап қалу үшін жағдайды қатаң бақылауға алуымыз керек.

Жиын барысында биылдан бастап жолдарды күтіп ұстау үшін ресайклинг әдісі қолданылатыны айтылды. Осы әдіспен Качир, Баянауыл және Успен аудандарындағы жолдар жөнделетін болады.

pavlodarnews.kz