Еліміздің белгілі әншісі, сазгер Роза Әлқожа «Мәдени мұра», «Мерхат», «Кербез» және «Мен сыйға тартқан орамал» отандық  өндірушілердің басын қосқан сауда нүктесінің тұсауын кесті.

-  Қыз-келіншектер орамал тағатын өңірлерде  сұраныс та жоғары болады, - дейді Роза Әлқожа. – Соңғы кездері мұндай өңірлерге Естайдың  елі де қосылып отырғаны қуантады.  Біздің аналарымыздың басынан ақ жаулық түспеген. Басында «Мен сыйға тартқан орамал» дүкенін Алматы қаласында ашқан болатынбыз. Кейін үш жылдың ішінде еліміздің үлкен қалаларында 20 дүкеннің тұсауы кесілді.   Бұл орамалдар қазақи нақышта  өрнектелген.   Қытайдан, Кореядан  жеткізілген маталар өзіміздің цехта боялады, шеті көмкеріледі, моншақтар тағылады. Біздің қазақ сый-сияпатқа гүл емес, орамал сатып алады.  Біздің гүліміз - орамал. Тіпті,  мақал-мәтелдердің өзі де орамалмен астасып жатыр. Барлық жөн-жоралғыда «Орамал тоң болмайды, жол болады»,  «Қуыс үйден құр қол шықпа» деп орамал сыйлап жатады. Келін  болып түскен кезде мойнына орамал арқылы бүкіл бір әулеттің аманаты артылады. Негізі әйел адамдарға орамал тағу – парыз. Орамал өте қасиетті саналады. Сондықтан әрқашан да қастерлей білейік.

«Мәдени мұра» дүкенінің иесі Әсет Сейітахметтің айтуынша, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларына деген сұраныс өте жоғары. Оның ішінде АҚШ, Германия, Франция, Түркия елдерінен тапсырыс бергендер бар. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейту, отандық өнім өндірісін арттыру  жоспарланып отыр.  Мұнда ұлттық нақышта оюмен өрнектелген былғары бұйымдар, күмістен жасалған зергерлік әшекейлер, сағаттар мен ағаш  ыдыстар  бар. 

- Әнші Роза Әлқожаға өз тарапымыздан барлық ұлттық өнімді бір жерге біріктіру туралы ұсыныс жасаған болатынбыз, - дейді Әсет Сейітахмет. - Ол да бұл ойымызды бірден қолдады.  Дүкендегі тауарлардың 70 пайызы Қазақстанда жасалған. Зергерлік бұйымдарды Алматыдағы шеберлер жүз пайыз күмістен дайындайды. 

Жас кәсіпкер  тауар  өндірушілердің тікелей бағасымен сатылатынын және дисконттық жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.

- Мәселен,  біз жергілікті «Ханым» сұлулық салонымен серіктеспіз. Бізден  тауар сатып алған тұтынушылар сұлулық салонында жеңілдіктер алады. Ал сол салонның қызметін пайдаланған жандарға ұсынылған купон бойынша бізден жеңілдікпен тауар сатып  алуға болады. Қала бойынша үйге дейін жеткізу тегін, еліміз бойынша курьерлік компаниямен  үйіне дейін жеткізу 1500 теңге  тұрады, – дейді ол.

 Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді түсірген Дархан Өмірзақ

pavlodarnews.kz