Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов айтты.

- 2017 жылы мүгедектерді оңалту бойынша 251 миллион теңге бөлінген. Оған 491 сурдотехникалық, 682 тифлотехникалық, 328 протездеу-ортопедиялық бұйым (таяқша, балдақ, ағашаяқ) және 299 арба сатып алынды. Сонымен қатар, қосымша 117,2 миллион теңге қаржы қарастырылып, 1168 арба сатып алуға мүмкіндік туды. Санаториялық-курорттық емдеумен 802, есту-протездік көмекпен 156, протездеу-ортопедиялық бұйымдармен (протездер) 667 мүгедек қамтамасыз етілді.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл сайын облыстық бюджет қаржысынан мүгедек студенттерге жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқу шығындарының ішінара өтеуге қосымша материалдық көмек көрсетіледі. 2017 жылда осы көмекті 121 студент пайдаланды. Ай сайын жалғызбасты 305 мүгедек адамға бір АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріліп тұрады.

- Көлік инфрақұрылымында 136 төмен еденді автобус, аппарелдері орналасқан тоғыз трамвай және «Инватакси» қызметі бар. Жыл сайын осы қызметпен 600-ден астам мүгедек пайдаланады. Барлығы облыс бойынша 18 көлік жұмыс істейді, соның ішінде 14-і мамандандырылған, - деді Қайрат Нұрмағамбетов.

Қайрат Нұрмағамбетов өткен жылы «Рухани жаңғыру» аясында «Асыл жүрек» жобасы іске асырылғандығын атап өтті. Бюджеттен тыс қаржы есебінен материалдық қолдау және басқа қызмет түрлері бойынша306 азаматқа жеті миллион теңгелік көмек көрсетілген.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемалары туралы мәліметтер жинақтау мақсатында «Мұқтаж адамдардың картасы» құрастырылды. Осы мақсатта 2018 жылы «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық жоба шеңберінде бес жоба жүзеге асады.

Айта кетелік, Павлодар облысында 27750 мүгедек тұрады. Оның ішінде 1-топ мүгедектері - 3355, 2-топ мүгедектері - 12052, 3-топ мүгедектері – 9722, мүгедек балалар – 2621.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz