Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Knight Frank деректеріне сәйкес, 2006 жылы Қазақстандағы долларлы миллионерлер саны (дәулеті $1 миллионға жететін) 3,4 мың адам болатын, ал 10 жылдан соң 6,7 мың адамға дейін жетті. Ал 2026 жылға қарай олардың саны 10,7 мың адам болады.

Ауқаты $10 миллионнан асатын мультимиллионерлер 2006 жылы 260 адам, ал 2016 жылы 520 адам болды. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2026 жылы олардың саны 830-ға жетеді.

2006 жылы Қазақстанда таза табыс деңгейі жоғары (UHNWI), 30 миллион доллардан астам инвестициялық активтері бар 120 адам өмір сүрсе, 2016 жылы олардың саны 230 адамды құрады. 2026 жылы осы көрсеткіш 370 адамға жетуі мүмкін. Ал 100 миллион доллар активі бар қазақстандықтар 15 болатын, былтыр 29 адамды құрады, ал 2026 жылы олардың саны 46-ға жетуі ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, ауқатты қазақстандықтардың саны 2016-2026 жылдар аралығында 60% өседі (7,5 мың адамнан 11,9 адамға дейін).

Дәулетті қазақстандықтардың арасында трендке айналған тағы бір дүние – жеке тікұшақтарды сатудың 600% артуы. 2006 жылы 4 ұшақ, ал 2016 жылы 28 ұшақ сатып алынды. Аймақта барлығы 226 тікұшақ сатылды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әуе аппараттарын сатудың ең көп өсуі бар үш елдің қатарына енді.

Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылға дейін Қазақстандағы миллионерлер мен миллиардерлер саны 12 мыңға дейін өсуі мүмкін екенін хабарлаған едік.

pavlodarnews.kz

Тэги: