«Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Асыл Әбішев бастаған Айбек Оралхан, Алтын Айтқалиева, Әйгерім Солтан қатарлы әдеби қызметкерлер №18 жалпы білім беру мектебінде, «Атамұра» мәдениет орталығында және орталық кітапханада оқырмандар, жас қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Еркін форматта ұйымдастырылған іс-шара барысында өнер мен әдебиетке жаны жақын оқушылар, әртүрлі сала мамандары, орта және жалпы орта білім беру мекемелерінің мұғалімдері риясыз әңгіме өрбіте алды.

№18 ЖОББМ директоры Ержан Зәкен өз кезегінде мұндай риясыз рухани байланыстар, басқосулар алдағы уақытта үзбей жалғасып, бірлескен шығармашылық жоспарлар құрылатынын атап өтті. Сондай-ақ, мектепте асық ойынын жаңғыртуға ерекше еңбек сіңіріп жүрген ұстаз, ақын Жанақ Тілегенұлы мен мектеп ұжымы «Найзатас» журналымен бірлесіп, оқушылар арасында «Шаршыда асық ату» турнирінің топтық сайысын ұйымдастыруға уағдаласты.

Ал өлең жазуға талпынып жүрген Дильназ Дайгужинова өз туындысын ұсынса, мәнерлеп оқу шеберлері де танылып жатты. Солардың бірі - 8 б сынып оқушысы - Іңкәр Хажай М.Мақатаевтың өлеңін жатқа оқыды.

- «Найзатас» журналы жанынан құрылған «Мөлдір муза» көшпелі әдеби кездесуінің кезекті отырысын Баянауыл ауданында өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Павлодар және Екібастұз жас қаламгерлері арасында «Поэтикалық дуэль» ұйымдастыру ойда бар. Негізі, әдеби орта бұрқ-сарқ қайнап жатуы тиіс. Ал оның ошағына тамыздық болатын - жалынды жастар мен жаңа шығармалар. Қазір не көп, өлең жазатын жастар көп. Алайда, әдебиеттің басқа жанрларына – проза, драма, сатираға барып жатқандар қатары сирек. Жоқтың қасы десе болады. Сендердің араларыңнан келісті сөздің иелерін кездестіреміз бе деп келіп отырмыз. Біздің мақсат жастарға бағыт-бағдар беру, - деді Асыл Әлімжанұлы.

Екібастұздың шығармашыл жастарымен келелі кездесу өткізуге мұрындық болған «Отарқа» газетінің бас редакторы, ақын Жанаргүл Қадырова «Найзатас» журналының өңірлік әдебиетті өрістетуге қосып жатқан үлесін атап өтіп, әдеби басылымның жанрлық ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды.

Балалар шығармашылығын дамытуға атсалысып, қазақ басылымдарының жанашыры болып жүрген кітапханашылар Салтанат Тасболатова, Әмина Хамзина 5 жылда жарыққа шыққан журнал басылымдарынан көрме ұсынды.

Ал «Атамұра» мәдениет орталығындағы еркін форматтағы кездесуге Инновациялық Еуразия университетінің Екібастұз колледжі, С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің және А.Құнанбаев атындағы №2 жалпы білім беру мектебінің оқушылары, Екібастұз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева, қаламгер Жұмағали Қоғабаев, "Кәусар" әжелер ансамблі де қатысты. Студенттер өз өлеңдерімен қатар замандас достарының шығармаларын оқып, көпшілікті тәнті етті.

Мәдениет орталығының басшысы Нұрсұлу Төлеубаева «Найзатас» ұжымына әдеби ортаға ой салып, жас қаламгерлерге жаңа өріс ашқаны үшін алғыс білдірді.

Анар Жанахметова басқаратын орталық кітапханада өткен «Шахталы шаһарға қош келдің, "Найзатас!"» атты кеш пайымды пікірталастар, тегеурінді жыр, тың ұсыныстар, орайға сай әзіл-оспақтармен өріліп, біршама уақытқа созылса да, тыңдаушысын жалықтырған жоқ.

Кездесуге С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің ұстазы, ақын Г.Сейітова жүргізді. Ауқымды аудиторияға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Жұмабаева, әкім аппаратының құжаттамалар редакторы В. Камалетдинова, қалалық сот судьясы Н.Сәулен, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын, «Атамұра» ұлттық орталығының директоры Н.Төлеубаева, білім бөлімінің әдіскері Қ.Тәшенева, ақын Ж.Қоғабаев, мүсінші Б.Қайнышева және «Зерде» мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектебінің ұстаздары мен оқушылары, №26 гимназия-мектебі, №25 қазақ қыздар гимназиясы қатысты. Кітапханашы Ардақ Жұмағалиева «Найзатас» журналы қамтып жүрген жанрлар мен айдарларға тамаша шолу жасап, баяндамасын бейнеслайдпен безендірді.

Келелі кездесу ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Отарқа» газетінің бас редакторы Ж. Қадырованың: «"Найзатастың" қаламызға сапары бәрімізге көктем лебін жеткізгендей болды. Небір идеялар, жоспарлар туды. Серпіліп қалдық! Шығар шыңың биік болғай, "Найзатас!" деген ақеділ тілегімен қорытындыланды.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани