- Экологиялық мәселелерді шешуге назар аударып жатқаныңыз үшін алғыс айтқым келеді, - деді  Светлана Могилюк. - Бірінші рет есептік кездесуде экология мәселесіне көңіл  бөлініп отыр. Соңғы бес жылдың ішінде көп іс тыңдырылды. Нақтырақ айтатық болсақ, статистика бойынша ірі кәсіпорындардан шығарылатын қалдықтар 20 пайызға төмендеген. Дегенмен әлі де біздің облыс жүрек-қан тамырлары, онкология аурулары бойынша бірінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы бұл ауруларды айналаны қоршаған ортамен байланыстырады. «Денсаулық» бағдарламасы аясында айналаны қоршаған ортамен байланысты 2017 жылы медициналық тәуекелдер картасын әзірлеу жоспарланған. Экология жылы аясында тұрғындардың денсаулығы мен  экология арасындағы байланысқа зерттеу жүргізіледі деп сенемін. Аурудың салдарын емдеумен емес,  оның себебімен күресу керекпіз.  

Сонымен қатар  эколог маман бірнеше белсенді ҮЕҰ-ды біріктіретін «Павлодар облысы азаматтық Альянсы» ҚБ-нің төрайымы ретінде  азаматтық қоғаммен  жұмысқа көңілі  толмайтындығын атап өтті.

- Облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу жөніндегі консультативтік кеңес пен облыстық қоғамдық кеңестің тиімділігі көрінбейді. Тұрғындармен дұрыс байланыс орнатылмаған. Сондықтан алдағы уақытта ҮЕҰ-мен кездесу өткізуіңізді сұраймыз, - деді ол. 

Аймақ басшысы Болат Бақауов өңірдегі барлық мәселелер бойынша  өзінің орынбасары Мейрам Бегентаевке 10 күннің ішінде үкіметтік емес ұйымдармен үлкен жиын өткізуді тапсыратындығын жеткізді.

-  Өз  есебімде  үкіметтік емес ұйымдарды белсенділік танытуға шақырдым, - деді облыс әкімі. - Бізде онкологиялық диспансердің салынып жатқанын білесіздер. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде. Бұл нысанға жабдық қарастырылмағанына қатысты көп сын-пікір айтылатындығын білемін. Егер де өз уақытында жобаларды қайта қарастыруға мүмкіндік болғанда құрылыс мерзімін 2018-2019 жылдарға ауыстыратын едік.  Биылғы жылы құрылысты толық аяқтаймыз. Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен қажет жабдықпен қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қалған жабдық облыстық бюджет есебінен орнатылады. Ауру себептеріне келетін болсақ, бұл мәселемен мамандар айналысады. Оған ҮЕҰ да тартылады. Алтай өлкесінде ауру көрсеткіші айналаны қоршаған ортаның тазалығына қарамастан біздің көрсеткіштен асып түседі. Сондықтан мамандар қандай бағытта жұмыс істеу керек екенін анықтау керек.

 Айта кетейік, 2018 жыл - Павлодар облысында экология жылы болып жарияланды.

Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді түсірген Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: