Бұл жөнінде агенттікке облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі мәлімдеді.

15-ақпан күні диспетчерлік қызметке қала маңындағы Мичурин және Черноярка ауылдарынан өрт туындағаны жайлы екі хабарлама түскен.

- Бірінші өрт Мичурин ауылында сағат 8.25-те болды, -деді баспасөз қызметінде. – Өртті сөндіру үшін № 35 өрт сөндіру бөлімі және № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінен үш автоцистернасы шықты. 10 өрт сөндірушілердің көмегімен тілсіз жау 10.25-те оқшауланып, толығымен 16.00-де жойылды. Құтқарушылар жанып жатқан үйден 50 литрлік көлемді газ баллонын шығарды. Алдын ала болжам бойынша, от пеш ақауларынан тұтанған.

Ал, екінші өрт Черноярка ауылында Лесная көшесі, 16-үй мекенжайы бойынша орын алған. Оқиға туралы хабар сағат 01:21-де түскен. Құрылыс материалдары қызыл жалынның астында қалып, от үш бөлмелі жеке тұрғын үйге көшкен. Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан жеті адам және екі техника жөнелтілген. Сағат 3:25-те өрт оқшауланып, 5:15-те толығымен жойылды.

Сонымен қатар, жарылыстың қауіптілігіне қарамастан, № 35 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау старшинасы Ербол Төкешов және өрт сөндіруші кіші сержант Қайрат Валеев  тез арада екі газ баллонды үйден алып шығып, газ баллондары жарылысының алдын алды.

Оразбек Саяхат
Фото: ТЖД баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: