Мұндай  міндетті аймақ басшысы бүгін  облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын  барысында  қойды.  

Өңірлік  кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Қанат Шәбеновтің айтуынша,  аймақта жол бойындағы бизнесті дамыту екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. 2017 жылы облыс әкімдігімен жол бойындағы дәмханаларға мониторинг жүргізу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған.  Мониторинг  нәтижесінде өңірде 137  сервис анықталған. Оның  ішінде 118-і жұмыс істесе, 19-ы  тоқтап тұр.  Стандартқа сай келетін  нысандар саны  - 40  және 78-і  қосымша толықтыруды қажет етеді.

-    Қолданыстағы сервиске сараптама жасау, ұлттық стандарттарға сәйкестендіру және болашағы жоқ нысандарды тізімнен шығару бойынша «Павлодар облысында жол бойындағы сервисті дамыту» картасы әзірленген, - дейді  Қанат Шәбенов. -  ҚР Ұлттық стандарттарына сәйкес жол бойы сервистері төрт категорияға бөлінеді.  А - жоғары  (барлық стандарттарға сай  жанармай құю бекеті, жылы дәретхана, жуыну бөлмесі, сауда пункті бар),  В  -  (сауда және ойын-сауық алаңы болмауы мүмкін), С - (автобустарға арналған орындар бөлінген және D -  жанармай құю  бекеті бар). Облыста  137 нысанның ішінен В категориясына бір нысан, С категориясына 60 нысан, D категориясына 53 нысан жатады. Қалған 23 нысанға ешбір категория тағайындалмаған. Бұл нысандар Қызылорда - Павлодар - Успен, Ресей Федерациясымен шекаралас Майқапшағай - Павлодар - Шарбақты, Павлодар - Успен, Қалқаман - Үміткер – Ульяновск, Ленин кенті - Ақсу - Көктөбе - Курчатов және  Качир – Михаиловка автомобиль жолдарында орналасқан.

Ведомство басшысын тыңдап шыққан  облыс әкімі биылғы құрылыс маусымында аудан әкімдеріне белгіленген учаскелерде жол  бойында жаңадан  сервис  ашуды тапсырды. Сонымен  қатар ол  Павлодар – Омбы  тас жолында бір де бір дәмхана жоқтығын  тілге тиек етіп,  кем дегенде  әрбір 50 шақырымнан кейін 5-6 дәмхана болуы   керектігін  атап өтті.

- Ешбір аудан жол үстіндегі бизнесті дамыту үшін  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға өтініш бермеген, - деді Болат Бақауов. - Мәселен,  Железин ауданында 400 шақырымдағы жалғыз «Озеро» дәмханасындағы дәретханалардың  жағдайын білесіздер. Жол бойындағы сервистерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын қолдануға болатын еді.  Былтыр Қалқаман кентіндегі ең ірі мықты деген жол үстінде тұрған дәмханасында болдым. Осыдан 25 жыл бұрын түскі ас ішкен едім.   Сол  Кеңес дәуіріндегі тәрізді қалпында қалған. Түк өзгермеген. Барлық аудандарды аралап, сервистерге кіріп,  баспасөз өкілдерімен  бірге шай ішетін боламыз.  Бәлкім, сол кезде өзгеретін шығар

 
Ақбота Сейсенбаева
Сурет ғаламтордан алынған

pavlodarnews.kz

Тэги: